Рафаэль Уразбахтин "Қайрат" футбол клубының бас бапкері қызметінен кетті
"Қайрат" футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин өз еркімен қызметінен кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Рафаэль Уразбахтин клуб басшылығына өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш берген. Клуб басшылығы оның шешімін қабылдап, өтінішін қанағаттандырды.
“Рафаэль Радикович 2024 жылғы қыркүйекте негізгі команданың бас бапкері атанып, алғашқы маусымының қорытындысы бойынша сары-қараларды Қазақстан чемпионы атандырды. 2025 жылы оның жетекшілігімен "Қайрат" Қазақстан Суперкубогын жеңіп алып, чемпиондық атағын қорғады және клуб тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды”, – делінген “Қайрат” ФК баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Бас бапкердің міндетін бұған дейін "Қайрат-Жастарды" басқарған Жора Арутюнян атқарады. Оның жетекшілігімен команда "Алтайға" қарсы алдағы матчқа дайындалмақ.

"Қайрат" футбол клубы Рафаэль Уразбахтинге атқарған жұмысы, кәсібилігі, клуб тарихына қосқан үлесі алғыс айтты.
Еске салсақ, бұған дейін "Ордабасы" футбол клубы мерзімінен бұрын Қазақстан чемпионы атанғаны туралы жазған едік.
25 қазанда Ақтөбедегі Орталық стадионда өткен "Ақтөбе" мен "Қайрат" футбол клубтары арасындағы кездесу 2:2 есебімен аяқталды.
Бұл нәтиже алматылық клубты чемпиондық мүмкіндігінен айырды. Маусымның аяқталуына бір тур қалғанда "Қайраттың" еншісінде 64 ұпай болса, "Ордабасы" 68 ұпай жинаған. Осылайша, шымкенттік команда ең жақын қарсыласынан ұпай саны бойынша озып, чемпиондық атақты мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.
"Жарақатты үйде алдым деп айт": Жұмыс берушілер өндірістегі оқиғаны неге жасырады және қызметкер не істеуі керек