Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мектептерінде күзгі демалыста оқушыларға арналған іс-шаралар ұйымдастырылмақ

Мектеп
Фото: istockphoto.com

Қазақстан мектептерінде күзгі демалыс кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқушылар 26 қазан мен 1 қараша аралығында демалады. Мектептерде сабақ 2 қарашада қайта басталады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектептер балалардың демалысын мазмұнды өткізуге бағытталған түрлі іс-шаралар ұсына алады. Оларға қатысу ерікті болады. Сонымен қатар оқушылардың қызығушылығы мен отбасыларының жоспары ескерілуі тиіс.

"Мұндай іс-шараларды ұйымдастыру педагогтерге қосымша жүктеме түсірмеуі және есептілікті арттырмауы керек", – деп атап өтті оқу-ағарту министрлігінің өкілдері.

Мектеп әкімшілігі демалыс кезіндегі іс-шараларды өткізуге және балалардың қауіпсіздігіне жауапты адамдарды алдын ала белгілейді.

Оқушылардың қатысуы ата-аналармен келісіледі. Ал мектептен тыс жерде өтетін іс-шаралар кезінде балаларға жауапты ересектердің еріп жүруі қамтамасыз етілуі қажет.

Сондай-ақ оқу-ағарту министрлігі ата-аналарды балаларға үйде, көшеде және интернетте қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіруге шақырды.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда оқушыларға амандасу ережелері үйретілетіні туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 26 Қазан, 2026 20:02