Әлемдегі ірі компаниялардың бірі 60 мың қызметкеріне өтемақы төлеп, жұмыстан өз еркімен кетуді ұсынды
Microsoft компаниясы шамамен 60 мың қызметкеріне өтемақы төленетін ерікті жұмыстан шығу бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама компания қызметкерлерінің төрттен бірінен астамын қамтиды. Бұл шара мәжбүрлі жұмыстан қысқартудың жаңа кезеңін өткізбей-ақ, шығындарды азайтуға жағдай жасайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Microsoft компаниясы қызметкерлеріне өтемақы алып, өз еркімен жұмыстан кету мүмкіндігін ұсынды. Бұл шешім компанияның жасанды интеллект инфрақұрылымына қомақты қаржы құйып, биыл қызметкерлер санын қысқартуымен тұспа-тұс келді.
Business Insider мәліметінше, бағдарлама АҚШ, Канада, Үндістан және Ұлыбританиядағы компанияның белгілі бір бөлімшелерінің қызметкерлеріне арналған. Ол ішкі жіктеу бойынша 70-деңгейдегі және одан төмен лауазымдарды қамтиды. Олардың қатарында жоғары басшылықтың кейбір өкілдері де бар.
Алайда бағдарламаға компанияның барлық қызметкері қатыса алмайды. Мәселен, сату бөлімдері, кейбір инженерлік командалар мен корпоративтік қызметтер бұл бастамаға қосылмаған.
26 қазанда қызметкерлерге жолданған хатта Microsoft компаниясының кадрлар жөніндегі директоры Эми Коулман бағдарламаның мақсаты қызметкерлерге өздерінің алдағы мансап жолын таңдауға көбірек мүмкіндік беру екенін түсіндірді.
Өтемақы мөлшері Microsoft компаниясында бұрыннан қолданылып келе жатқан талаптарға сәйкес белгіленеді. Бұған дейін АҚШ-тағы осындай бағдарламаларға қатысқан қызметкерлерге кемінде 60 күндік негізгі жалақы төленген. Ал кейбір қызметкерлердің өтемақысы еңбек өтілі мен атқарған қызметіне қарай 39 апталық жалақы мөлшеріне дейін жеткен.
Бағдарламаға қатыса алатын қызметкерлерге барлық шарттар электрондық пошта арқылы жіберіледі. Олар жұмыстан өз еркімен кету туралы шешімді желтоқсанның басына дейін қабылдауы керек. Компания қызметкерлердің жұмыстан шығу рәсімін жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Бұған дейін Microsoft үшінші жыл қатарынан әлемдегі ең үздік жұмыс беруші атанғаны туралы жазған едік. Forbes пен Statista-ның World’s Best Employers 2026 рейтингінде екінші орынға Delta Air Lines, ал үздік үштікке Shopify кірді.
"Жарақатты үйде алдым деп айт": Жұмыс берушілер өндірістегі оқиғаны неге жасырады және қызметкер не істеуі керек
