Ыстамбұлда 26 жастағы қазақстандық қыз жұмбақ жағдайда көз жұмды: Іс бойынша екі адам ұсталған
Ыстамбұлда 26 жастағы қазақстандық қыздың мәйіті табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түркиялық БАҚ-та жарияланған ақпараттарға сүйенсек, марқұм 26 жастағы Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханова. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзі тұрған ғимараттың алтыншы қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өтпек болған. Алайда ол екі ғимараттың арасындағы қуысқа құлап, жерасты қабатына түсіп кеткен.
Қыз оқиға орнында көз жұмған. Оның Түркияға қыркүйек айында туристік визамен келгені белгілі болды.
Оқиға туралы хабар түскен соң, оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадалары жеткен. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптама институтының мәйітханасына жеткізілген.

Түркиялық басылымдардың мәліметінше, әйел Түркияға 22 жастағы ресейлік қызбен бірге келген және онымен бірге тұрған.
Айсұлу құламас бұрын оның шатырда отырғанын көршісі, 22 жастағы ресейлік қыз суретке түсіріп алған.

Көршісінің айтуынша, ол Айсұлуға шатырда отыру қауіпті екенін ескерткен. Алайда қыз "Мен осында отыра тұрайын, сен ұйықтай бер" деп жауап берген көрінеді. Көршісі осыдан кейін бөлмесіне қайтып кеткенін мәлімдеген.
Сонымен қатар полиция Айсұлудың үйіне қайтар алдында "сүйіктісі" болуы мүмкін 35 жастағы ер адамның жанында болғанын анықтаған. Ер адамның айтуынша, қыз таңғы сағат 07:40 шамасында кеткен.
Прокуратураның шешімімен екеуі де ұсталды. Қыздың өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де ақпаратты растады.
"Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста және оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Түркияның құзыретті органдары тергеу жүргізуде, оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр. Мәселе ҚР Сыртқы істер министрлігінің бақылауында", – делінген министрлік хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін екі қазақстандық қыз Біріккен Араб Әмірліктерінде көз жұмғаны хабарланған еді.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды