Елімізде Қазақстан, Отан, Астана есімді қанша адам бар
Елімізде Республика күні аталып өтіп жатыр. Бұл еліміздегі тарихи әрі маңызды мереке. Кейбір қазақстандықтар Отанға деген сүйіспеншілігін есімдері арқылы да білдірген. Елімізде Қазақстан, Отан, тіпті Тәуелсіздік есімді азаматтар бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде Қазақстан есімді 28 адам тіркелген.
Отан есімі 128 адамға қойылған. Астана есімді 25 азамат бар.
Тәуелсіздік есімді де азаматтар бар. Алайда олардың санына қатысты нақты ақпарат көрсетілмеген.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сарапшысы Жансая Қайранбаеваның айтуынша, Қазақстан есімді азаматтардың басым бөлігі Қарағанды облысында тіркелген.
"Қазақстанда Республика есімді азамат та, осындай атаумен аталатын елді мекен де тіркелмеген. Елімізде Қазақстан есімді 28 адам бар. Оның 27-сі – ер адам, біреуі – әйел. Мұндай есімі бар азаматтар ең көп тұратын өңір – Қарағанды облысы. Онда жеті адам тіркелген", – деді Жансая Қайранбаева “24KZ” арнасына берген сұхбатында.
Қазақстанда Республика күні 25 қазанда атап өтіледі. Бұл мереке 1990 жылы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануымен байланысты. Құжат елдің дербестігінің негіздерін бекітіп, тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды кезең болды.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда "Құрылтай" есімді 10 адам тұратыны туралы жазған едік.
"Жарақатты үйде алдым деп айт": Жұмыс берушілер өндірістегі оқиғаны неге жасырады және қызметкер не істеуі керек
