Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Англия құрамасының шабуылшысы Харри Кейн “Алтын доп” иегері атанды

футболшы
Фото: Instagram 433

Мюнхендік “Бавария” клубы мен Англия құрамасының шабуылшысы Харри Кейн “Алтын доп” иегері атанды. Атаулы марапат маусымның үздік футболшысына беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Кейн “Алтын допты” алғаш рет жеңіп алды

Марапаттау рәсімі 26 қазан күні Лондондағы “Палладиум” театрында өтті. Сыйлықты әлемнің екі дүркін чемпионы әрі “Алтын доптың” екі дүркін иегері, бразилиялық Роналдо табыстады. Харри Кейн бұл марапатқа алғаш рет қол жеткізді.

Кейн 2025-2026 жылы маусымда “Бавария” сапында Суперкубок пен Германия кубогын жеңіп алып, Бундеслига чемпионы атанды. Сонымен қатар Англия құрамасымен бірге 2026 жылы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды.

2025 жылдың тамызынан 2026 жылдың шілдесіне дейінгі аралықта ол клубы мен ұлттық құрама сапында 65 матч өткізіп, 73 гол соқты.

Дауыс беру қорытындысы бойынша екінші орынды Мадридтің “Реал” клубы мен Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе иеленді. Ал үздік үштікті “Барселона” мен Испания құрамасының шабуылшысы Ламин Ямаль түйіндеді.

Харри Кейннің тарихи жетістігі

Кейн соңғы 25 жылда “Алтын допты” жеңіп алған алғашқы ағылшын футболшысы атанды. Бұған дейін бұл сыйлықты 2001 жылы Майкл Оуэн иеленген. Осылайша, Кейн тарихта “Алтын допқа” қол жеткізген бесінші ағылшын ойыншысы болды. Оған дейін марапат Стэнли Мэттьюзге, Бобби Чарльтонға және Кевин Киганға бұйырған.

Сонымен қатар Кейн соңғы 30 жылда “Алтын допты” жеңіп алған Германия Бундеслигасының алғашқы ойыншысы болды. Бұған дейін бұл марапатты 1996 жылы Дортмундтың “Боруссиясы” сапында өнер көрсеткен Германия құрамасының қорғаушысы Маттиас Заммер алған еді.

Кейн — соңғы 45 жылда “Алтын допқа” ие болған “Баварияның” алғашқы футболшысы. Мюнхендік клуб ойыншылары бұл сыйлықты соңғы рет 1981 жылы жеңіп алған. Сол жылы марапат Карл-Хайнц Руммениггеге бұйырды. Бұған дейін “Бавария” сапындағы Герд Мюллер 1970 жылы, ал Франц Беккенбауэр 1972 және 1976 жылдары “Алтын доп” иегері атанған.

“Алтын доп” тарихындағы ерекше рәсім

Биыл футболдағы ең беделді жеке марапат алғаш рет Франциядан тыс жерде табысталды. Ұйымдастырушылардың Лондонды таңдауының себебі де бар: 1956 жылы “Алтын доптың” тұңғыш иегері атанған Стэнли Мэттьюз — ағылшын футболшысы.

“Алтын доп” сыйлығын France Football журналы жыл сайын үздік футболшыға табыстайды.

Айта кетейік, өткен жылы бұл марапат Париждің “Пари Сен-Жермен” клубы мен Франция құрамасының шабуылшысы Усман Дембелеге бұйырған.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 08:08