Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар ауруханасында салмағы 600 грамм сәби жамбас сүйегін сынып кеткен

шала туған бала
Фото: magnific.com

Павлодар облыстық перинаталдық орталығында жатқан шала туған сәбидің жамбас сүйегі сынғаны анықталды. Баланың туыстары медицина қызметкерлерінен түсініктеме беріп, жағдайды тексеруді сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға туралы ақпарат Павлодардағы Instagram желісіндегі doska_pavlodar парақшасында жарияланды. Жазба авторының айтуынша, сәби биыл тамыз айында небәрі 600 грамм салмақпен дүниеге келген. Қазір баланың салмағы 2 келі 20 грамға жеткен.

Туысының сөзінше, 20-23 қазан аралығында сәбидің ата-анасы оның аяғының түсі мен көлемі өзгергенін байқап, бұл туралы перзентхана дәрігерлеріне бірнеше рет хабарлаған. Алайда олардың айтуынша, бастапқыда медицина қызметкерлері жағдайға тиісті назар аудармаған.

"Жұма күні, 23 қазанда, ата-анасы перзентханаға қайта барып, баланың жағдайында бір өзгеріс бар екенін тағы да айтқан. Сонда дәрігерлер баланың жамбас сүйегінде сынық бар екенін хабарлаған. Жарақаттың қайдан пайда болғанын сұрағанда, дәрігерлер баланың тырысу кезінде өзіне өзі жарақат салғанын айтқан. Мұндай жағдай шынымен болуы мүмкін бе?" — деп жазды сәбидің туысы Instagram парақшасында.

Жазба авторы медицина қызметкерлері баланың жағдайына қатысты толық түсініктеме бермейтінін де мәлімдеген. Оның айтуынша, жансақтау бөліміне ұялы телефон алып кіруге рұқсат етілмегендіктен, баланың жағдайын дәлел ретінде суретке түсіру мүмкін болмаған.

"Осы жағдайға байланысты медициналық мекеме мен қызметкерлердің әрекеттерін тексеріп, мәселені анықтауларыңызды және кері байланыс беруіңізді сұраймыз", – делінген жарияланымда.

Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, дене салмағы өте төмен болып туған балаларды күту және олардың өмірін сақтап қалу – күрделі әрі ұзақ үдеріс.

Мұндай сәбилерде кездесуі мүмкін асқынулардың бірі шала туған балалардың остеопениясы, яғни сүйек тінінің минералдануының төмендеуі. Басқарманың мәліметінше, осы жағдай 30-55% жағдайда кездеседі және аяқ-қолды әдеттегідей қозғалту кезінде де сүйектердің өздігінен сынуына әкелуі мүмкін.

"Баланың жағдайы тұрақты. Бүгінде оны облыстық балалар ауруханасының травматолог дәрігерімен бірлесіп бақылап отырмыз. Рентгенологиялық зерттеу нәтижесі бойынша сынған жерде бастапқы сүйек ісігі қалыптасқан. Бұл сүйек тінінің тұрақтана бастағанын көрсетеді. Қазір арнайы емдеу қажет емес", – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.

Ведомство өкілдері перинаталдық орталық әкімшілігі ата-аналар мен туыстарының алаңдаушылығына түсіністікпен қарайтынын және баланың жағдайы мен медициналық бақылаудың ерекшеліктері туралы оларға тұрақты түрде түсініктеме беріп отыратынын атап өтті.

Сонымен қатар нақты клиникалық жағдайға қатысты толық ақпарат дәрігерлік құпияға жататыны және тиісті құқықтық негіздерсіз жария етілмейтіні айтылды.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысының Сайрам ауданында тұратын Тұрсынай Орынбаева бір күнде алты баланың анасы атанды. Әйел жүктіліктің 32-аптасында үш қызды мерзімінен бұрын дүниеге әкелді. Сафия, Садия және Самия 22 күн дәрігерлердің бақылауында болып, кейін үйлеріне шығарылды. Бұған дейін отбасында екі қыз бен бір ұл болған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 11:40