Сәбидің қолы әкесінің тырнағындай ғана болған: 17 апта ерте туған егіздердің бүгінгі жағдайы қалай?

Шотландияда 32 жастағы Эми Шарки жүктілігінің 23 аптасы мен 2 күнінде егіздерінің бірін дүниеге әкелген. Орла есімді қыз бала небәрі 480 грамм болып туған. Ал оның сыңары Франки араға төрт күн салып дүниеге келіп, салмағы шамамен 620 грамм болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Mirror.co.uk-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Эми мен оның жұбайы, 33 жастағы Джек Гиннге дәрігерлер сәбилердің тірі қалу мүмкіндігі 10%-дан да төмен екенін айтқан. Джектің сөзінше, Орла алақандай ғана болған. Оның қолдары тіпті әкесінің тырнағындай ғана көрінген.
“Ол менің алақанымдай ғана еді. Қол-аяғы өте кішкентай, өзі мангоның көлеміндей болды. Қолдары тырнағымдай ғана еді. Франки де одан аса үлкен емес болды. Суреттен олардың қаншалықты кішкентай болғанын толық түсіну мүмкін емес”, – дейді әкесі.
Франки ауруханада 161 күн жатып, 2026 жылғы ақпанда үйіне шығарылған. Ал Орла ауруханада одан да ұзақ емделіп, 225 күннен кейін ғана үйіне оралған. Отбасы толық құрамда 2026 жылғы сәуірде ғана үйге келген. Ата-анасының айтуынша, егіздер қазір жақсы дамып келеді, бірақ әлі де бірнеше денсаулық мәселесі бар.
ОқыңызЖүктіліктің басында бәрі қалыпты өткен. Қауіп 20-аптадағы тексеріс кезінде байқалған. 2025 жылғы 19 тамызда Эмидің жатыр мойны екі сантиметрге ашылып кеткені анықталған. Келесі күні тағы бір сантиметрге ашылған соң, ол ауруханаға жатқызылып, дәрігерлер жатыр мойнын тігіспен бекіткен.
Джектің айтуынша, дәл осы тігіс сәбилердің өмірін сақтап қалуға көмектескен.
“Сол тігіс бізге қажет қосымша күндерді сыйлады деп ойлаймыз. Ол болмаса, балаларымыз қазір жанымызда болмас еді”, – дейді ол.
Бірнеше күннен кейін Орланың қағанақ суы аға бастаған. Эми Эдинбургтегі Royal Hospital ауруханасына жеткізілген. 2025 жылғы 6 қыркүйекте инфекция қаупіне байланысты тігіс алынған. Келесі күні Орла 23 апта 2 күнде дүниеге келген.
Орла туғаннан кейін Эмидің жатыр мойны қайта жабылған. Алайда Франки әлі анасының құрсағында қалған. Дәрігерлер оның да инфекция жұқтыру қаупі бар екенін айтып, босануды қайта бастауға мәжбүр болған. Осылайша Франки әпкесінен төрт күн кейін, 11 қыркүйекте дүниеге келді.
Екі нәресте де бірден неонатология бөліміне жеткізілді. Орла 10 күндік кезінде некротикалық энтероколит деп аталатын ауыр ішек инфекциясына шалдыққан. Бұл дерт салдарынан оның ішегінде үш жерден тесік пайда болған.
Орлаға бірнеше күрделі ота жасалды. Алғашқы операция ол небәрі 10 күндік кезде, екіншісі 17 күндік кезінде, үшіншісі 2026 жылғы 26 ақпанда жасалған. Дәрігерлер кей сәтте ата-анасына емді тоқтатып, паллиативті көмекке көшу туралы да бірнеше рет айтқан.
Алайда Орла берілмеген. Дәрігерлер оның ішегіне күрделі операция жасап, стома қойған. Ол неонатология бөлімінде 100 күннен астам уақыт стомамен жүрген. Кейін 2026 жылғы ақпанда хирургтер стоманы алып, ішегін қайта жалғаған. Дегенмен қыз баланың тоқ ішегі операция кезінде алынып тасталған.
Франкидің де денсаулығында қиындықтар бар. Оған созылмалы өкпе ауруы, жүректегі өкпе гипертензиясы диагноздары қойылған. Сондай-ақ шала туған нәрестелерде кездесетін көз ауруына байланысты лазерлік ота жасалған. Орлада да осындай көз мәселесі бар, бірақ оның жағдайы Франкиге қарағанда жеңілірек.
Қазір Франки тәулік бойы оттегі аппаратымен тыныс алады. Екі сәби де арнайы түтік арқылы тамақтанады. Эмидің айтуынша, Орланың кейбір денсаулық мәселелері өмір бойы сақталуы мүмкін. Ал Франки уақыт өте келе өздігінен тыныс ала бастайды деген үміт бар.
Ата-анасы сегіз айға жуық уақытын ауруханада өткізген. Джектің айтуынша, олар үйге санаулы рет қана барған, көбіне балалардың жанында болған.
“Біз ауруханада өмір сүрдік. Кейде апталап таза ауаға шықпайтынбыз. Бар ойымыз балалардың жанында болу еді”, – дейді ол.
Эми мен Джек егіздердің аман қалуын нағыз ғажайыпқа теңейді. Олар дәрігерлерге, медбикелерге және Ronald McDonald қайырымдылық ұйымына алғыс айтты. Отбасының сөзінше, дәл осы мамандар мен ұйымдардың көмегінсіз бұл жолдан өту мүмкін болмас еді.
Джек Орланың күресін ерекше атап өтті.
“Ол бәрін таңғалдырды. Әр қиындықта берілмеді. Орла – нағыз қайсар қыз”, – деді әкесі.