Қазақстанда жалдамалы пәтер бағалары шарықтады: Маман оған не себеп болғанын айтты
Қазақстанда пәтер жалдау бағасы соңғы айда айтарлықтай өсті. 28 шілдеден 31 тамызға дейін бір бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы орта есеппен 11%, екі бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы 13% және үш бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы 10% өсті. Тұрғындар тіпті жалдамалы пәтерлер құнына сай емес дейді. Тілшіміз жалдау бағасы не себепті өскенін және оны кім реттейтінін сарапшыдан сұрап көрді.
Жыл сайын оқу жылының басталуына байланысты күзде Алматы мен Астанада пәтер жалдау қымбаттайды. Алайда биыл бұл тек екі мегаполис емес, көптеген облыс орталықтарына әсер етті. Krisha.kz мәліметі бойынша екі бөлмелі пәтерлерді жалдау бағасы өсіп жатыр.
Екі бөлмелі пәтерлердің орташа жалдау ақысы 19 қалада көбейді:
- Қарағанды – 26%, 230 000 теңгеге дейін;
- Қостанай – 25%, 250 000 теңгеге дейін;
- Павлодар – 25%, 250 000 теңгеге дейін;
- Орал – 20%, 180 000 теңгеге дейін;
- Алматы мен Астана – 16,7%, 350 000 теңгеге дейін.
Ал бір бөлмелі пәтерлер орта есеппен 11%, ал үш бөлмелі пәтерлер 10% өсті.
Шілде айының соңында Астана бір және үш бөлмелі пәтерлердің бағасы бойынша алғаш рет Алматыны басып озды. Астанада орта есеппен бір бөлмелі пәтерді жалдау 270 мың теңгеге, ал Алматыда 250 мың теңгеге шығады екен. Ал үш бөлмелі пәтерлер бойынша екі қалада да бағам – 500 000 теңге.
Жалдау ақысы 20-30% өскен қалалар:
- Павлодарда бір бөлмелі пәтерлердің бағасы 28,6% – 140 000 теңгеден 180 000 теңгеге дейін өсті.
- Көкшетауда үш бөлмелі пәтерлердің бағасы 30% – 200 000 теңгеден 260 000 теңгеге дейін өсті.
- Қарағандыда бір бөлмелі пәтерлердің бағасы шамамен 20%, ал үш бөлмелі пәтерлердің бағасы 22% өсті.
- Қостанайда бір бөлмелі пәтерлердің бағасы 20% өсті.
Желі қолданушылары бұл туралы жазып, пәтер құны мен сапасы сәйкес келмейтінін жарыса жазып жатыр.
Тұрғын Алматыдағы пәтер жалдау жарнамасын бөлісті.
“Алматының пәтерлері таңғалдырудан жалықтырмайды. Қалай жалға береді екен, жөндеу жүргізілмеген, ал бағасы – 250 мың теңге”, – деп жазды ол.

Ал тағы бірі 500 мың теңгеге жалға берілген пәтердің фотосын жариялады. Фотода қаз-қатар қойылған матрастар және ескі жөндеу екені байқалады. Онымен қоса депозиттік жүйе бар.

Тағы бір қазақстандық пәтер иелеріне үндеу жасап, бағаларды жөндеуді сұрады.
“200 000–300 000 теңгеге пәтер жалдау қалыпты жағдай деп ойлайсыздар ма? Иә, сіз пәтерді ипотекамен сатып алдыңыз. Бірақ неге жалға алушы сіздің ай сайынғы төлеміңізді толығымен жабуы керек? Өйткені, пәтер сайып келгенде, сіздің меншігіңіз, ал жылдар бойы үлкен сома төлеп келген адам ештеңесіз қалады. Сонымен қатар Қазақстанда 200 000 теңге де таппайтындар көп. Сол үшін бірнеше адам боп тұруға мәжбүр болады. Жалдау үй иесі үшін тиімді болуы керек, сонымен қатар баспана іздейтіндер үшін де қолжетімді болуы тиіс. Бағалар адамдардың нақты табысынан ажыратылғанша, баспана мәселесі жойылмайды”, – деді желі қолданушысы.
Сарапшы не дейді?
Қаржы маманы Айнагүл Ғазизованың сөзінше, студенттер саны жылжымайтын мүлік нарығына қатты әсер етеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, шамамен 370 мың студент өз қаласынан басқа қалаға келіп оқиды. Оның үштен бірінен көбі Алматыға келеді екен.
“Ең негізгі себептердің бірі – сұраныс пен ұсыныстың сай болмауы. Яғни үй іздейтін адам көп, ал ұсынылатын пәтер аз. Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда жұмыс, оқу немесе басқа да себептермен келетін адамдардың саны көп. Сұраныс артқан кезде пәтер иелерінің жалдау ақысын көтеруге мүмкіндігі көбейеді”, – деді сарапшы.
Сөзінше, пәтер иелерінің жалдау ақысын өсіруіне тұрғын үйдің қымбаттауы әсер етті. Пәтер иелері жылжымайтын мүлікке салған қаражатының қайтарымын ескеріп, жалдау құнын көтеруі мүмкін дейді. Одан бөлек инфляция, жөндеу жұмыстарының, жиһаз бен тұрмыстық техниканың қымбаттауы сияқты шығындар да ақырында жалдау ақысына қосылады.
“Жалдау ақысының өсуін тек пәтер иелерінің бағаны өз бетінше көтеруімен түсіндіру дұрыс емес. Бұл – тұрғын үй нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына, баспана құнына және экономикалық жағдайға байланысты қалыптасатын процесс”, – деді Ғазизова.
Маман мемлекет пәтер иелерінің баға қоюына әсер ете алмайтынын айтады, себебі ол сұранысқа байланысты қалыптасады. Алайда мұны реттеу үшін сұраныс азаюы керек дейді.
“Бұл тұрғын үй саясатын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға тиесілі. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы мен тұрғын үй саясаты мәселелерімен өнеркәсіп және құрылыс министрлігі айналысады, ал жергілікті деңгейде әкімдіктердің рөлі маңызды. Әкімдіктер жалға берілетін әлеуметтік және қолжетімді тұрғын үй қорын көбейту, жер бөлу және құрылыс көлемін арттыру арқылы қажеттілікті азайта алады. Егер мемлекет жалдау бағасының өсуін тежегісі келсе, ең тиімді жолдардың бірі – нарықтағы ұсынысты көбейту. Яғни қолжетімді жалдамалы тұрғын үй көлемін арттыру, тұрғын үй құрылысын ынталандыру және халықтың баспана сатып алу мүмкіндігін кеңейту қажет”, – деді маман.
Сондықтан мәселенің түпкі шешімі – бағаны жай ғана шектеу емес, жалға берілетін тұрғын үй нарығындағы тапшылықты азайту.
Қазақстанда жалдамалы пәтер бағалары шарықтады: Маман оған не себеп болғанын айтты