Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 111 жыл бұрынғы жылу рекорды жаңарды

Ыстық
Фото: Magnific.com

2026 жылғы шілдеде елдің бірнеше өңірінде ауа температурасы бұрын-соңды тіркелмеген деңгейге жетіп, ғасырдан астам уақыт сақталған рекордтар жаңарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Қазгидромет” мәліметіне сәйкес, шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық қалыпты көрсеткіштен 1-4 градусқа жоғары болған.

Ең жоғары температура Түркістанда тіркелді. 18 шілдеде мұнда сынап бағанасы +47,6 градусқа дейін көтерілді. Бұған дейінгі рекорд 2019 жылы тіркелген +43,7 градус еді.

 Шымкентте де ғасырдан астам уақыт сақталған рекорд жаңарды. Қалада ауа температурасы +45,2 градусқа дейін жетті. 16 және 17 шілдеде 1915 жылдан бері сақталып келген көрсеткіштерден асып түсті. 111 жыл бұрын бұл күндері Шымкентте тиісінше +41,1 және +40,1 градус тіркелген.

Алматыда 16-20 шілде аралығында бірден төрт температуралық рекорд жаңарды. 16 шілдеде ауа температурасы +38 градусқа, 17 шілдеде +39,2 градусқа, 18 шілдеде +40 градусқа жетті. Ал 20 шілдеде қалада +41,5 градус ыстық болды.

Елордада да аптаптың беті қайтпады. Астанада 14 шілдеде ауа температурасы +38,6 градусқа дейін көтерілді. Өскеменде 16 шілдеде +39,7 градус тіркелді.

Қызылордада 17 шілдеде ауа температурасы +45,2 градусқа жетті.

Дегенмен шілде айы аптап ыстықпен ғана ерекшеленген жоқ. Кей өңірлерде жауын-шашын мөлшері де қалыпты деңгейден бірнеше есе көп түсті.

Мәселен, Түркістан облысының Жетісай ауданында бір айда жауған жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан 15 есе асып кеткен.

Осылайша, 2026 жылғы шілде Қазақстан үшін ауа райының тосын мінезі қатар байқалған айлардың бірі болды: бір өңірлерде ғасырлық ыстық рекордтары жаңарса, енді бір аймақтарда жауын-шашын мөлшері қалыпты көрсеткіштен бірнеше есе жоғарылаған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда биыл аптап ыстықтан 26 адам көз жұмғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 19 Тамыз, 2026 12:31