Қазақстанда тағы 41°C-қа дейін аптап ыстық болады
8-10 тамыз аралығында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы ыстық әрі құрғақ болады. Кей өңірлерде ауа температурасы 41°C-қа дейін көтеріліп, республиканың бірқатар аймағында жаңбыр жауып, найзағай соғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қазгидрометтің" болжамына сәйкес, 8-10 тамыз күндері Қазақстан аумағындағы ауа райын ауқымды антициклон қалыптастырады. Соның әсерінен елдің басым бөлігінде жауын-шашынсыз, ыстық әрі құрғақ ауа райы сақталады.
Кезеңнің соңына қарай еліміздің батысы мен солтүстік-батысында солтүстік-батыс циклоны мен оған байланысты атмосфералық фронттардың әсерінен жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Сонымен қатар жел күшейіп, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.
Еліміздің шығысында кезеңнің басында, сондай-ақ оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында барлық күндері оңтүстік циклонның ықпалынан жаңбыр жауып, найзағай болады.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері Қазақстанды аптап ыстықтың кезекті толқыны қамтиды. Иран аумағынан келетін жылы ауа массаларының әсерінен солтүстік және шығыс өңірлерде ауа температурасы 35-39°C-қа, оңтүстікте 35-41°C-қа, ал батыс пен орталықта 36-41°C-қа дейін көтеріледі.
Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт сыртта жүрмеуге, жеткілікті мөлшерде су ішіп, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.
Алматыдағы саябақта агрессивті ер адам балаларға шабуыл жасады
