Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екінші Ауғанстан": Оралда ерлер мен әйелдер бөлек отырған той талқыға түсті (видео)

оралдағы той
Фото: Видеодан скрин

Оралда өткен той әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Қонақтар ерлер мен әйелдер болып екі залға бөлініп, тіпті жас жұбайлардың өзі бір дастарқанда бірге отырмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қонақтарға қызмет көрсету тәртібі де ерекше болған. Әйелдер отырған залда тек әйел даяшылар, ал ерлер залында ер адамдар қызмет көрсеткен.

Тойдың бұл форматы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бірі мұны діни талапқа сай ұйымдастырылған тәртіп деп бағаласа, енді бірі "тойдың сәні мен мәні бөлек отырғанда қайда қалды?" деген пікір білдірген.

Оралда ерлер мен әйелдер бөлек отырған той әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Дінтанушы Әл-Фараби Болатжан мұндай форматты әр адамның жеке таңдауы деп бағалайды. Алайда бұл үрдіс кеңінен таралса, ұлттық болмысқа әсер етуі мүмкін екенін айтады.

"Әрине, әркімнің өз құқығы бар. Тойын, мерекесін қалай өткізетінін әр отбасы өзі шешеді. Алайда осындай үрдіс белең алса, меніңше, бұл ұлттық болмысымызға нұқсан келтіруі мүмкін", – дейді дінтанушы Әл-Фараби Болатжан.

Дінтанушының пікірінше, мәселе тек тойда ерлер мен әйелдердің бөлек отыруында емес. Оның айтуынша, діни талаптарды шектен тыс түсіндіру ұлттық мәдениетке қатысты құндылықтардың да "харам" деп танылуына әкелуі мүмкін.

"Мысалы, “халал той” деп музыкадан бас тартып, кейін домбыраны да харам деп кетуі мүмкін. Яғни бұл біздің ұлттық мәдениетімізден ажырауға дейін ұласатын мәселеге айналуы мүмкін. Бұл менің жеке пікірім", – дейді ол.

Сонымен қатар дінтанушы тойдағы көріністің сырт көзге оғаштау көрінгенін атап өтті. Себебі қалыңдық пен күйеу жігіт екі бөлек залда отырғандықтан, бір залда ер адамдар, екінші залда әйелдер қатар отырған.

"Видеоны көргенде, бір жағынан, кішкене күлкілі көрінеді. Ерлер залында екі жігіт отыр, әйелдер залында екі қыз отыр. Асаба да әзілдеп, “екі жас ұл бақытты болсын” деп жатыр. Негізінде үйленіп жатқан – ер мен әйел. Келін мен күйеу бала жұп болып отыруы керек қой. Ал мұнда екі жігіт бір залда, екі қыз арғы залда отыр. Қисынға сәл келмейтін сияқты", – деді Әл-Фараби Болатжан.

Әл-Фараби Болатжан мұндай үрдіс қазақтың дәстүріне тән емес екенін айтады. Оның сөзінше, ер мен әйелді бөлек отырғызу көбіне оңтүстік көршілердің мәдениетінде қалыптасқан.

"Негізінде қазақи дәстүрге қарасақ, әйелдер мен ерлердің бөлек отыруы көбіне оңтүстіктегі көршілерімізге тән болған. Мысалы, өзбектерде мұндай дәстүр бұрыннан бар. Оларға араб-парсы мәдениетінің ықпалы өте зор болған. Шариғат – орта ғасырда қалыптасқан әлеуметтік конструкт. Ол адамдардың Құран мен хадисті сол заманның түсінігіне, мәдениеті мен контекстіне сай талқылауы арқылы қалыптасты. Сол кезеңдегі ислам ғалымдары да өз заманының адамдары болды. Сондықтан олардың шығарған шешімдерін сол тарихи контекстпен қарастырған жөн", – дейді дінтанушы.

Ал Құранда ерлер мен әйелдердің бір жерде бірге отыруына тікелей тыйым салынбаған. Болатжан Әл-Фараби бұл мәселеде діни талап пен кейін қалыптасқан түсініктерді ажырату қажет екенін атап өтті.

"Егер исламның басты қайнар көзі – Құранды алсақ, онда ер мен әйелдің бірге отыруына қатысты ондай тыйым мүлде жоқ. Әйел мен ер адам бір жерде бірге отыруға болмайды деген нақты тыйым Құранда айтылмаған. Сондықтан мұндай талаптың Құранда тікелей негізі жоқ. Заңның өзінде қоғамдық тамақтану орындарында діни рәсім жасауға кедергі жоқ деп айтылған. Егер ол жақын маңдағы адамдардың құқықтарын бұзбаса, мұндай рәсімдерге рұқсат етіледі. Мысалы, сауда орталықтарында немесе кофеханаларда намазханалар болуы мүмкін. Осыған ұқсас жағдайды тойханаға да қатысты қарастыруға болады", – дейді Әл-Фараби Болатжан.

Алайда діни рәсім мен діни әдебиет немесе діни мазмұндағы ақпарат таратудың заңдағы талаптары бөлек. Дінтанушы мұндай ақпаратты кез келген жерде таратуға болмайтынын ескертті.

"Заң бойынша діни әдебиет пен діни мазмұндағы ақпаратты кез келген жерде таратуға болмайды. Ол діни бірлестіктердің ғимараттарында немесе жергілікті атқарушы орган бекіткен арнайы орындарда жүзеге асуы керек. Діни әдебиет пен діни мазмұндағы ақпаратты кез келген жерде таратуға болмайды. Мұндай талаптарды бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабына сәйкес (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін", – деді ол.

“Әйелдердің құқығын бұзғаны үшін айыппұл салынуы керек”

Белгілі продюсер әрі қоғам белсендісі Баян Есентаева да бұл үрдіске қарсылық білдіріп, қазақтардың өз дәстүрінен өз еркімен бас тартып жатқанына алаңдаушылық білдірді.

"Жеткен күніміз осы болды… Қазақтар өз дәстүрінен өз еркімен бас тартып, оны көпшіліктің көзінше жасап, тіпті мақтанатын жағдайға жетті. Кем дегенде, әйелдердің құқығын бұзғаны үшін айыппұл салынуы керек. Ал ең сорақысы – бұл ұлттық ұятқа айналуы мүмкін. Арабтандырудың артында кім тұр? Бізді кім құлға айналдырып жатыр?", – деп жазды Баян Есентаева.
баян мақсатқызының пікірі
Фото: Баян Мақсатқызының желідегі парақшасынан

Желі қолданушыларының бір бөлігі мұндай форматты қазақтың дәстүріне жат деп бағалап, ашық наразылығын білдірді. Кей оқырман тіпті мұны "ұлттық салттан алыстау" деп санап, қатты сынға алды.

"Ата-бабамызда жоқ нәрсе. Бұл сарттардың дәстүрі. Әр нәрсеге еліктей бермей, өзіміздің ата салтымызды ұмытпайық. Алтыбақан теуіп, қыз бен жігіт бірге ойын ойнап, ата-аналарымыз бірге той тойлаған халықпыз", “Құдай сақтасын. Мұндай той жасамай-ақ, тыныш отырсын. Масқара. Ата-бабамыз ислам дінін берік ұстанған, бірақ бұлай той жасамаған", "Сұмдық! Тағы осылай кете берсек, байқамай екінші Ауғанстан болып кеткенімізді де білмей қаламыз”, – деп жазды оқырмандар.

Былтыр әлеуметтік желіде той үстінде жамағат болып намаз оқып жатқан жұрттың видеосы тараған еді. Бейнежазбада ер адамдар мерекелік залдың ішінде сапқа тұрып, имамға ұйып намаз оқыған. Алдыңғы қатарға арнайы жайнамаздар төселген. Әйелдер де бөлек тұрып намаз оқыған. Видеодағы жазбада "Халал тойға жиналғандар жамағат болып намазға жығылды" деген мәтін болған.

Видео авторы бұл көріністі "мен көрген ең керемет той" деп бағалаған. Ал желі қолданушыларының бір бөлігі мұны құптап, дәстүрлі тойларда ішімдік ішіп, ашық-шашық киініп билегеннен әлдеқайда жақсы екенін жазған. Осылайша былтырдың өзінде "халал той" форматы әлеуметтік желіде көптің талқысына түскен еді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 18:20