Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы хайуанаттар бағында сирек жануарлар төлдеді

Аққол гиббондар мен құйрықты лемурлар
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы хайуанаттар бағында сирек кездесетін жануарлардың бірнеше жұбы төлдеді. Көктемгі төлдеу кезеңінде аққол гиббондар мен сақиналы құйрықты лемурлардың балалары дүниеге келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ерекше жаңалықтың бірі – сақиналы құйрықты лемурлардың бірден екі жұбы егіз тапты. Төлдер 6 және 17 наурызда дүниеге келген. Қазір олар ата-аналарымен бірге мамандардың бақылауында.

Сондай-ақ 6 наурызда аққол гиббонның төлі туған. Жаңа туған гиббон Алматы хайуанаттар бағында дүниеге келген жануарлардың бірнеше буынын жалғастырып отыр.

Оның әкесі Джим де, әжесі Джулия да осы хайуанаттар бағында туған. Ал арғы атасы Табин хайуанаттар бағының қызметкерлері мен келушілеріне жақсы таныс.

Күн жылына бастаған соң жануарлар төлдерімен бірге жазғы қоршауларға шығарылды. Енді келушілер олардың табиғи ортаға барынша жақын жағдайда тіршілік етуін тамашалай алады.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды хайуанаттар бағында амур жолбарыстары Мия мен Батырдың екі күшігі дүниеге келгені хабарланған еді. Олар 30 сәуірде туғанымен, хайуанаттар бағының қызметкерлері көпшілікке бірден көрсетуге асықпады. Жаңа туған кезде жолбарыс күшіктерінің салмағы небәрі 450 және 530 грамм болған.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 08 Маусым, 2026 12:02