Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақша мен сыйлықтар уәде еткен: ҚМА Қазақстанның 14 өңірінде тергеу жүргізіп жатыр

пирамида
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қаржы мониторинг агенттігі өзін маркетплейс ретінде таныстырған CVK қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Ведомство мәліметінше, заңсыз схемаға еліміздің түрлі өңірлерінен шамамен 1,5 мың адам тартылған. Қазір Қазақстанның 14 өңірінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Агенттік мәліметінше, жоба өзін маркетплейс ретінде таныстырып, қатысушыларға инвестициялық “дүкен” пакеттерін сатып алу арқылы тұрақты табыс табуға уәде берген. Алайда тергеу барысында жеке кабинеттерде көрсетілген тауарлар мен жеткізілімдердің шын мәнінде болмағаны анықталған. Қатысушыларға виртуалды сыйақылар есептеліп отырған.

Сонымен қатар жоба реферальдық жүйе арқылы жұмыс істеген. Олар жаңа салымшыларды тартқан азаматтарға ақшалай бонус пен бағалы сыйлықтар ұсыған.

Қаржы мониторинг агенттігінің дерегінше, ауқымды жарнама мен өңірлердегі белсенді насихат жұмыстарының нәтижесінде қаржы пирамидасына шамамен 1,5 мың адам тартылған. Жобаны насихаттау үшін жабық кездесулер, кеңселердің салтанатты ашылуы және жаппай таныстырылымдар ұйымдастырылған. Бұл іс-шаралар әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланған.

Тергеу мәліметіне сәйкес, салымшылардың қаражаты криптовалюталық платформалар арқылы шығарылып, кейін банктік шоттарға аударылған.

Жедел іс-шаралар барысында 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды. Қазір еліміздің 14 өңірінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін “ENVIDA AI” пирамидасын ұйымдастырғандар 370 қазақстандықты WhatsApp арқылы тартқаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 08 Маусым, 2026 11:30