Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Интернеттегі "қауіпті" дос: Қазақстандық ата-аналарға балаларға төнген қауіп туралы ескертілді

балалар онлайн грумер
Фото: Видеодан скрин

Ішкі істер министрлігі ата-аналарға балаларды интернет арқылы олармен сенімді қарым-қатынас орнатып, арам ниетін іске асыратын онлайн грумерлерден қорғау керегін еске салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әдетте онлайн груминг әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, онлайн ойындарда немесе танымал интернет платформаларда қарапайым танысудан басталады. Қаскөй өзін жасөспірім ретінде таныстырып, кәмелетке толмаған баланың сеніміне кіруге тырысады.

Бастапқы кезеңде қарым-қатынас достық ниетте болып көрінеді. Уақыт өте келе қаскөй баланың "жақын досына" айналуға тырысады: күнде сөйлесіп, оған ерекше көңіл бөліп, оның жеке өмірі, сезімі мен басындағы қиындықтары туралы сұрайды.

Бірте-бірте ол баланың жеке мәліметтерін сұрай бастайды: күн тәртібі, тұратын жері, айналасындағы адамдар және басқа да ақпараттарды анықтауға тырысады.

Келесі кезеңде фото, видео жіберуді немесе жеке сипаттағы әңгімелерге көшеді. Бұл кезде қаскөй мұндай әңгімелердің "қалыпты" екенін айтып сендіреді, бұл туралы ешкімге айтпауын өтініп, психологиялық қысым көрсетуі мүмкін.

Ішкі істер министрлігі еске салады: онлайн грумер – интернет арқылы кәмелетке толмаған баламен әдейі байланыс орнатып, оның сеніміне кіріп, кейіннен зиян келтіруді көздейтін ересек адам.

 Онлайн грумингтен қалай қорғануға болады:

  • Интернетте бейтаныс адамдармен сөйлесуге кіріспеу;
  • Жеке деректерді, мекенжайды, телефон нөмірін, оқу орнын және басқа да құпия ақпаратты бермеу;
  • Бейтаныс қолданушыларға фото және видеоматериалдар жібермеу;
  • Егер әңгімелесуші интимдік сипаттағы сұрақтар қойса немесе хат алмасуды құпия сақтауды сұраса, бірден сөйлесуді тоқтату;
  • Күдікті аккаунттарды бұғаттау;
  • Желідегі кез келген күмәнді байланыс туралы дереу ата-аналарға айту.

Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балаларымен интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық ережелерін тұрақты түрде талқылауға және олардың онлайн әрекетіндегі өзгерістерге назар аударуға шақырады.

Stan.kz
Дүйсенбі, 08 Маусым, 2026 10:41