Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Семей орманы" резерватында тағы екі өрт ошағы тіркелді

Өрт Семей
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

22 шілдеде "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында екі орман өрті тіркелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 20 шілде күні сағат 16:30-да "Семей орманы" және "Ертіс орманы" резерваттарының, сондай-ақ "Баянауыл" ұлттық паркінің аумағында 19 орман өрті тіркелді.

Келесі күні, 21 шілдеде, тіркелген өрт ошақтарының саны 55-ке дейін артты. Барлық өрттің себебі – найзағай болды. Кейін министрлік бұл жағдайларға байланысты қызметтік тексеру жүргізетінін мәлімдеді.

22 шілдеде "Семей орманы" аумағына найзағай түсіп, тағы екі жаңа өрт ошағы пайда болды. 

"Өрт ошақтары "Қазавиақорғау" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының авиациялық патрульдеу жұмыстары кезінде, сондай-ақ орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің көмегімен дер кезінде анықталды. Бұл мемлекеттік орман күзеті қызметкерлері мен авиациялық өрт сөндіруші десанттардың өртті оқшаулауға жедел кірісіп, оның әрі қарай таралуына жол бермеуіне мүмкіндік берді", – делінген хабарламада.

Екі орман өрті де жедел түрде сөндірілді.

Ведомство өрт қаупі жоғары кезеңде табиғат аясында демалып жүрген қазақстандықтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, орманға ұқыпты қарауға және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға шақырды.

Еске салайық, 9 маусымда Абай ауданында 30 мың гектарға жуық аумақты шарпыған өрт шыққаны белгілі болды. Алайда кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Сондай-ақ орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені айтылды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

9 маусымда түн ортасына таман президенттің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшатынын хабарлады. Сондай-ақ президент Абайдағы өртпен күресу үшін бар мүмкіндікті пайдалануды тапсырды. Төтенше жағдайлар министрлігі 10 маусымға қараған түні Абайдағы өртті сөндіруге Алматы мен тағы төрт облыстан қосымша күштер мен құралдар жіберілетінін мәлімдеді.

"Семей орманы" табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.

Адамдардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

13 маусымда Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдегі өрт алаңы айтарлықтай қысқарғанын мәлімдеді.

14 маусымда төтенше жағдайлар министрлігі орман өртінің толығымен ауыздықталғанын айтты.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2026 21:25