Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда Құрылтай қарсаңында жалған аккаунттар бұғатталады

Құрылтай сайлау
Фото: Gov.kz

Қазақстандықтарға Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында алаяқтардың белсенділігі артып, жалған ақпарат таратқандарға қатаң жауапкершілік қарастырылатыны туралы ресми ескертілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дезинформациямен күрес орталығының мәліметінше, цифрлық кеңістікте дайындалып, таралып жатқан шынайы емес ақпараттарға байланысты белсенділік деңгейі артып отырғаны анықталған.

“Қазір ашық жалған ақпараттардан гөрі, шынайы болып көрінетін күрделі манипуляция тәсілдері жиі қолданылып келеді”, – дейді мамандар.

Ол үшін саяси партиялар мен кандидаттардың жалған аккаунттары, қолдан жасалған мәлімдемелер, жалған сауалнамалар, ресми ресурстарға ұқсатып жасалған сайттар мен парақшалар, сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен әзірленген хабарламалар пайдаланылуы мүмкін.

"Қазірдің өзінде саяси партиялардың бірінің жалған парақшалары жасалған жағдайлар тіркелді. Сол парақшалар арқылы партия қызметі туралы жалған ақпарат таратылып, жаңа мүшелерді тіркеу сылтауымен азаматтардың жеке деректері жиналған", – делінген Орталық хабарламасында.

Ақпараттық ықпал ету тәсілдерінің бірі ретінде сайлау процесіне қатысушылардың ресми аккаунттары айналасында боттардың жасанды белсенділігін қалыптастыру технологиясы атап өтілді.

 

Мұндай әрекеттер аудиториямен өзара байланыс көрсеткіштерін бұрмалап қана қоймай, цифрлық платформалардың алгоритмдеріне де әсер етуі мүмкін. Соның салдарынан ресми ақпараттың қолжетімділігі төмендеп, балама, оның ішінде шынайы емес ақпарат көздерінің көріну мүмкіндігі артады.

Осыған байланысты Орталық азаматтарға:

  • Сайлау туралы ақпаратты тек мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың ресми дереккөздерінен алу;
  • Жеке мәліметтерді енгізбес бұрын сайттар мен парақшалардың мекенжайларын мұқият тексеру;
  • Бастапқы дереккөзі көрсетілмеген немесе "анонимді дереккөздерге" сүйенген жарияланымдарға сын көзбен қарау;
  • Тексерілмеген хабарламаларды таратпауға кеңес береді. 

Орталық сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат тарату, сондай-ақ заңға қайшы мақсаттарда жалған цифрлық ресурстарды пайдалану қолданыстағы заңнамада көзделген жауапкершілікке әкелетінін еске салды.

Бұған дейін Бас прокуратура 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауы қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасап, сайлау туралы заңды бұзғаны үшін жаза барын ескертті. 

Сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге де тыйым салынады.

"Мұндай үгіт-насихат сайлаушыларға тауарларды, қызметтерді немесе бағалы қағаздарды тегін немесе төмендетілген бағамен беруді, лотереялар, қайырымдылық іс-шараларын өткізуді немесе ақы төлеуді немесе ақы төлеуге уәде беруді қамтиды деп саналады", – деп түсіндірді Бас прокуратура.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2026 22:10