Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрылтай сайлауын ұйымдастыруға үкімет резервінен 34,3 миллиард теңге бөлінді

Құрылтай
Фото: Ақорда

Қазақстанда 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысатын саяси партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір кандидат үшін 1 миллион 275 мың теңге сайлау жарнасын төлеуге тиіс. Ал сайлауды ұйымдастыруға үкімет резервінен 34,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник брифингте Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге 34,3 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеді. Қаражат үкіметтің резервінен бөлінген, өйткені 2026 жылдың республикалық бюджеті өткен жылы бекітілген кезде кезектен тыс сайлау науқаны жоспарланбаған еді. Сайлауды қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Бортниктің айтуынша, заңға сәйкес Құрылтай депутаттарының сайлауы республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Алайда 2026 жылғы бюджетте мұндай шығыс қарастырылмағандықтан, қажетті қаражат Үкімет резервінен бөлінеді. Үкімет кейін шығыстардың нақты көлемін бекітеді.

Комиссияның мәліметінше, саяси партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір кандидат үшін ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлеуі тиіс. Биылғы ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайтындықтан, бір кандидатқа шаққандағы жарна 1 миллион 275 мың теңге болады.

Сонымен қатар заңнамада бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. 2023 жылғы 19 наурызда өткен Мәжіліс сайлауында сайлаушылардың 5 және одан көп пайыз дауысын алған партиялар Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауында бұл жарнаны төлемейді.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов 3-5% аралығында дауыс жинаған партиялар сайлау жарнасының 50%-ын, 1-3% аралығында дауыс алған партиялар белгіленген жарнаның 70%-ын төлейді.

Еске салайық, 1 шілдеде республикалық референдумда қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді. Осыдан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев 23 тамызға Құрылтай сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Президент парламент палаталарының бірлескен отырысында болашақ Құрылтайдың негізгі міндеттерін айқындап, оның құрамына кімдер кіре алатынын да мәлімдеген еді. Бұдан бөлек, сайлауға қатысатын кандидаттар тіркеу кезінде өздерінің және жұбайларының активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыруға тиіс. Декларацияда Қазақстандағы және шетелдегі мүлік, қаржылық активтер, цифрлық активтер, сондай-ақ қарыздар мен өзге де міндеттемелер көрсетіледі.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 14 Шілде, 2026 17:26