Құрылтай депутаттығына үміткерлер мен олардың жұбайларының мүлкі туралы мәлімет жарияланады

Жаңа парламент – Құрылтай депутаттығына үміткерлер сайлауға тіркелу кезінде активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыруы керек. Талап кандидаттардың жұбайларына да қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік кірістер комитеті алдағы сайлауға қатысушыларға декларация тұрғылықты жері бойынша тапсырылатынын еске салды. Құжат кандидат сайлауға ұсынылған айдың бірінші күніндегі жағдай бойынша толтырылады.
Декларацияда үміткерлер мен олардың жұбайлары өздеріне тиесілі мүлік, қаржылық активтер және берешек міндеттемелері туралы мәлімет көрсетуі қажет.
Атап айтқанда, шетелдегі мүлік бойынша мына деректер енгізіледі:
- басқа елдердегі пәтер, үй, жер учаскесі сияқты жылжымайтын мүлік;
- шетелде тіркелген көлік құралдары, оның ішінде автокөлік, арнайы техника, тіркеме, әуе және су көліктері;
- сондай-ақ шетел банктеріндегі есепшоттардағы қаражат.
Егер ондағы жалпы сома 1000 АЕК-тен, яғни 4,2 миллион теңгеден асса, ол міндетті түрде көрсетілуге тиіс.
Бұдан бөлек, Қазақстандағы және шетелдегі өзге де активтер туралы ақпарат беріледі. Олардың қатарында салынып жатқан тұрғын үйдегі үлес, шетелдік компаниялардағы үлес, бағалы қағаздар мен қаржы құралдары, цифрлық активтер, соның ішінде криптовалюта бар.
Сондай-ақ инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық нысандары, 10 мың АЕК-ке дейінгі қолма-қол ақша, яғни 42 млн теңгеге дейінгі қаражат, шетелдік брокерлердегі есепшоттар және құны 1000 АЕК-тен асатын өзге де бағалы мүлік декларацияда көрсетілуі керек. Мұндай мүлік болған жағдайда оның бағалау құжаты қажет болуы мүмкін.
Декларацияда қарыздар мен өзге де берешек міндеттемелері қамтылады. Егер басқа адамдар алдындағы берешек немесе керісінше талап ету құқығы нотариалды келісімшарттармен, сот шешімдерімен немесе өзге де ресми құжаттармен расталса, олар да көрсетілуге тиіс.
Мемлекеттік кірістер комитеті кандидаттарға декларация тапсырмас бұрын барлық растайтын құжатты алдын ала дайындауға кеңес береді. Қажет болған жағдайда мүлікті бағалатып, мемлекеттік реестрлердегі мәліметтерді тексерген жөн.
Егер реестрлерде қате деректер анықталса, декларация тапсырғанға дейін оларды түзету қажет. Ол үшін тиісті мемлекеттік органға немесе жауапты ұйымға жүгіну керек.
Вице-президент кім болуы мүмкін және қандай қызмет атқарады: Саясаттанушылар болжамын айтты
Оқыңыз