Құрылтай сайлауына қатысатын партиялардың тізімі жарияланды

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ОСК отырысында 2026 жылдың 23 тамызына белгіленген Құрылтай депутаттарын сайлауға жеті саяси партия қатысатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық сайлау комиссиясы сайлауға қатысуға мына саяси партияларды жіберу туралы қаулыларды бірауыздан мақұлдады:
-
"Әділет" партиясы;
- "Ауыл" партиясы;
- "Ақ жол" демократиялық партиясы;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП);
- Қазақстанның жасылдар партиясы "Байтақ";
- Қазақстан Халық партиясы (ҚХП);
- "Respublica" партиясы.
"Amanat" партиясы жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарын сайлауға қатыспайды.
"Орталық сайлау комиссиясына "Amanat" партиясынан Құрылтай сайлауына қатыспайтыны туралы хат келіп түсті", – деді Нұрлан Әбдіров.
Отырыс барысында саяси партиялар туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер де таныстырылды.
Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекованың айтуынша, саяси партияларды тіркеу шегі 2009 жылы 50 мыңнан 40 мың мүшеге дейін, 2020 жылы 40 мыңнан 20 мыңға дейін, ал 2022 жылы 5 мың мүшеге дейін төмендетілген.
Сонымен қатар саяси партияларды құру шарттары да жеңілдетілді. Аймақтық филиалдардың ең төменгі саны 600-ден 200 адамға дейін қысқартылды, ал бастамашыл топтың саны 1000-нан 700 азаматқа дейін азайтылды. Сондай-ақ құрылтай съезін өткізу және филиалдарды қалыптастыру мерзімдері ұзартылды.
Вице-министр саяси партияларға мүшелікке тыйым салынған тұлғалардың тізімі кеңейтілгенін атап өтті. Бұл норма мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың саяси бейтараптығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Тіркеу шегі төмендетілгеннен кейін Қазақстанда үш жаңа саяси партия тіркелген. Вице-министрдің айтуынша, бұл азаматтардың конституциялық бірлесу құқығын жүзеге асыру мүмкіндігінің кеңейгенін көрсетеді.
Еске салсақ, 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді. Енді елімізде бір палаталы Парламент – Құрылтай жұмыс істейді. Оның құрамына 145 депутат сайланады. Сайлау бұрынғыдай тек партиялық тізімдер бойынша өтеді.
1 шілде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарын сайлауды 2026 жылғы 23 тамызға тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.
Астанада ер адам жолға таласып, әйелді соққыға жыққан: Ол ауруханадан бір-ақ шықты
Оқыңыз