Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа Конституция күшіне енді: Қандай өзгерістер енгізілді

Конституция
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

1 шілдеден бастап Қазақстан жаңа Конституциямен өмір сүруді бастайды. Жаңа Конституция елдің мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертуді көздейді. Құжатта бір палаталы парламент құру, вице-президент лауазымын енгізу, шетелден қаржыландыруға тыйым салу, азаматтықтан айыру тәртібін қайта қарау сынды маңызды бастамалар ұсынылған. Сонымен қатар дін, меншік құқығы, сөз бостандығы, азаматтарды ұстау тәртібі және басқа да бірқатар конституциялық нормаларға түзетулер енгізілген. Stan.kz жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістерге тоқталды. 

Қазақстан Конституциясына өзгерістер жетінші рет енгізіліп жатыр. Бұған дейін Негізгі заңға 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары түзетулер енгізілген еді. Соңғы ең ауқымды конституциялық реформа 2022 жылы жүзеге асты. Сол кезде Конституцияға 56 өзгеріс енгізіліп, олар республикалық референдум арқылы қабылданды. Енді бұл жолы Конституция 84% өзгерді. 

Халық биліктің бірден-бір қайнар көзі

Конституция жобасының алғашқы баптары өзгеріссіз қалған. Онда Қазақстанның демократиялық, зайырлы және унитарлы мемлекет екені айтылған. Оған қоса биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық екені тағы да нақтыланған. Ешкімнің мемлекеттік билікті өз бетінше иеленуіне жол берілмейді және мұндай әрекет үшін жауапкершілік қарастырылған.

Ал халықтың атынан сөйлеу құқығы президент пен құрылтайға беріледі.

Жаңа заңдар күшіне қалай енеді?

Конституция жобасында жаңа заңдардың қалай қолданылатыны нақты көрсетілген.

Атап айтқанда:

  • егер заң азаматтарға жаңа міндеттер жүктесе немесе олардың құқық жағдайын нашарлатса, ол кері күшке ие болмайды, яғни заң күшіне енгенге дейін болған оқиғаларға қолданылмайды;
  • егер заң жауапкершілікті күшейтсе, оның да кері күші болмайды;
  • ал заң бұрынғы құқық бұзушылық үшін жазаны жеңілдетсе немесе мүлде алып тастаса, онда азаматтарға жаңа, жеңілдеу заң қолданылады.
  • Қазіргі қолданыстағы Конституция бойынша қаржы саласындағы арнайы құқықтық режимді тек Астана қаласында қолдануға болады.

Халықаралық шарттардың күші

Қазіргі Конституция бойынша Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттар ұлттық заңнамадан жоғары тұрады. Ал жаңа Конституция жобасында халықаралық шарттардың қолданылу тәртібі Қазақстан заңдарымен реттелетіні көрсетілген. Демек олардың ұлттық заңдардан басымдығына автоматты түрде кепілдік берілмеуі мүмкін.

Шетелден қаржыландыруға қойылатын талаптар күшейеді

Қазір Қазақстанда саяси партиялар мен кәсіподақтарды шетелдік мемлекеттердің, ұйымдардың және азаматтардың қаржыландыруына тыйым салынған. Жаңа Конституция жобасында бұл шектеуді кеңейту ұсынылады.

Егер өзгерістер қабылданса, шетелдік компанияларға, шетелдік капиталы бар кәсіпорындарға және азаматтығы жоқ адамдарға да саяси партиялар мен кәсіподақтарды қаржыландыруға тыйым салынады. Сонымен бірге коммерциялық емес ұйымдар шетелден алатын қаражат пен өзге де мүлік туралы ақпаратты ашық жариялап отыруға міндеттеледі.

Бұл талап шетелдік мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан, компаниялардан, азаматтардан және азаматтығы жоқ адамдардан алынған барлық қаржы мен активтерге қатысты болады.

Дін

Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, шетелдік діни ұйымдардың қызметі мен олардың басшысын тағайындау тиісті мемлекеттік органдармен келісіліп жүзеге асырылады. Қазіргі норма осы талаппен ғана шектеледі. Ал жаңа Конституция жобасында діннің мемлекеттен бөлінгені жеке көрсетілген. Сонымен қатар барлық діни ұйымдардың қызметі заңмен реттелетіні және қажет болған жағдайда шектелуі мүмкін екені нақтыланған.

Мұндай шектеулер:

  • конституциялық құрылыстың негізін қорғау;
  • адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету;
  • ұлттық қауіпсіздікті сақтау;
  • қоғамдық тәртіпті қорғау;
  • азаматтардың денсаулығын сақтау;
  • қоғамның адамгершілік қағидаттарын қорғау мақсатында енгізілуі мүмкін.

Меншік құқығы

Қолданыстағы Конституцияда мемлекеттік және жеке меншік танылып, заңмен қорғалатыны және олардың қоғам игілігіне қызмет етуі тиіс екені көрсетілген. Ал жаңа конституцияда бұл бап нақтыланады. Жобаға сәйкес, меншік иесі өз мүлкін пайдаланған кезде:

  • қоғам мен мемлекеттің мүддесін ескеруге;
  • қоршаған ортаға зиян келтірмеуге;
  • өзге азаматтардың құқығы мен заңмен қорғалатын мүдделеріне нұқсан келтірмеуге міндетті болады.

Сонымен қатар жер, жер қойнауы, су ресурстары мен табиғи байлықтарға меншік құқығы бұрынғыдай халыққа тиесілі болып қала береді. Мемлекет бұл ресурстарды халықтың атынан басқаруды жалғастырады. Бұл норма өзгеріссіз сақталған.

Тіл

Конституция жобасындағы тілге қатысты норма өзгеріссіз қалған.

Жобаға сәйкес:

  • қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесін сақтайды;
  • орыс тілі мемлекеттік органдарда ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады;
  • мемлекет Қазақстан халқының барлық тілдерін оқып-үйренуге және дамытуға қолдау көрсетеді.

Сыртқы саясат

Қазіргі Конституцияда Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі ұстанымдары былай белгіленген:

“Қазақстан халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен тату көршілік саясатын жүргізеді. Олардың теңдігін және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау қағидатын сақтайды. Халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешуді қолдайды және қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартады”.

Ал жаңа Конституция жобасында бұл тұжырым ықшамдалып, "қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тарту" туралы тармақ алып тасталған.

Жаңа Конституцияда:

“Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мүдделі мемлекеттермен бейбітшілік пен ынтымақтастыққа негізделген сыртқы саясат жүргізеді. Олардың ішкі істеріне араласпайды және халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешуді қолдайды”, – деп жазылған. 

Азаматтықтан айыру

Қолданыстағы Конституция бойынша Қазақстан азаматтығынан тек сот шешімімен айыруға болады. Бұл террористік қылмыс жасағаны немесе елдің аса маңызды ұлттық мүдделеріне ауыр зиян келтіргені үшін қолданылады.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнама қос азаматтықты мойындамайды.

Ал жаңа Конституция жобасында:

  • азаматтықтан бұрынғыдай тек сот шешімі арқылы, террористік қылмыс немесе ұлттық мүдделерге ауыр зиян келтірген жағдайда ғана айыру ұсынылады;
  • қос немесе бірнеше азаматтыққа толық тыйым салу көзделген;
  • егер Қазақстан азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын алса, бұл Қазақстан азаматтығын жоюға негіз болады.

Қазақстан азаматтарын шетелде қорғау

Қолданыстағы Конституцияда мемлекет өз азаматтарына шетелде қорғау мен қамқорлық көрсетуге кепілдік береді.

Ал жаңа Конституцияда мемлекет тек Қазақстан азаматтарын қорғауға кепілдік беретіні көрсетілген. Демек “қамқорлық көрсету” деген ұғым құжаттан алып тасталған.

Адам құқықтары

Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, адамның құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру өзге адамдардың құқығына, конституциялық құрылысқа нұқсан келтірмеуі тиіс.

Жаңа Конституцияда бұл норма кеңейтілген. Енді құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру:

  • басқа адамдардың құқығын бұзбауы және олардың бостандығын шектемеуі;
  • конституциялық құрылыстың негіздеріне қол сұқпауы;
  • қоғамдық тәртіпті бұзбауы;
  • азаматтардың денсаулығына қауіп төндірмеуі;
  • қоғамның имандылық қағидаларын бұзбауы тиіс.

Ұстау тәртібі және құқықтық кепілдіктер

Қолданыстағы Конституцияда әр азаматтың жеке бас бостандығына құқығы, ұсталған жағдайда адвокаттың көмегіне жүгіну мүмкіндігі, заң мен сот алдында теңдігі және кемсітушілікке жол берілмейтіні жазылған. Сонымен қатар адамды тек соттың шешімімен қамауға алуға болады, ал өлім жазасына тыйым салынған.

Жаңа Конституция жобасында бұл құқықтар кеңірек қамтылған.

Атап айтқанда:

  • әр адам өз құқығы мен бостандығын заңда көзделген барлық тәсілмен, оның ішінде қажет қорғаныс арқылы қорғауға құқылы;
  • бір құқық бұзушылық үшін адамды екі рет жауапкершілікке тартуға тыйым салынады;
  • соттың заңды үкімі шыққанға дейін адамның кінәсіздігі нақтырақ айқындалады;
  • ешкім өзін, жақын туыстарын немесе өзіне сенім білдірген дін қызметкерін әшкерелейтін айғақ беруге мәжбүрленбейді;
  • сот арқылы қорғану, адвокаттың көмегін алу, заң алдында тең болу, өмір сүру және жеке бас бостандығын қорғау құқықтары сақталады.

Жаңа жобаға сәйкес, Қазақстан азаматтарын ұстау кезінде АҚШ фильмдерінде көрсетілетіндей тәртіп енгізу ұсынылған.

Құжатта:

“Әр адам ұсталған сәтте оның бостандығының не себепті шектелгені және қандай құқықтарға ие екені түсіндіріледі”, – деп жазылған. 

Жеке өмірге қол сұқпаушылық

Қолданыстағы Конституция жеке және отбасылық өмірге қол сұқпауды, хат-хабардың құпиялығын және ар-намыс пен абыройды қорғау құқығын қамтамасыз етеді.

Ал жаңа жоба бұл ұғымдарды кеңейтеді. Енді азаматтар цифрлық технологиялар арқылы жиналатын дербес деректерінің заңсыз жиналуынан, сақталуынан және пайдаланылуынан да қорғалуы тиіс. 

Банктік салымдардың және хат-хабардың құпиялығы

Қазіргі Конституцияда банктік салымдардың, хат алмасудың, телефон арқылы сөйлесудің және өзге де жазбаша хабарламалардың құпиялығы заңмен қорғалады. Бұл құқықтарға заңда көзделген жағдайларда ғана шектеу қойылуы мүмкін.

Жаңа Конституция жобасында бұл кепілдік цифрлық технологиялар арқылы жіберілетін хабарламаларға да таралатыны нақтыланған. Сонымен қатар жаңа редакцияда “телеграфтық хабарламалар” туралы норма алып тасталған.

Ұлтын таңдау құқығы

Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, әр адам өзінің ұлттық, партиялық немесе діни тиесілігін көрсету-көрсетпеуді өзі шешуге құқылы. Жаңа жобада азаматтардың ұлттық тиесілігін көрсету немесе көрсетпеу құқығы сақталғанымен, партиялық және діни тиесілігіне қатысты норма алып тасталған.

Сөз бостандығы

Қолданыстағы Конституцияда:

“Сөз және шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады”, – деп жазылған.

Сонымен қатар әр азамат заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсіл арқылы ақпаратты еркін алуға және таратуға құқылы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтердің тізбесі заңмен айқындалады.

Қазіргі Конституцияда:

  • зорлық-зомбылыққа немесе соғысқа шақыруға;
  • мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге;
  • нәсілдік, ұлттық, діни және өзге де белгілер бойынша араздықты қоздыруға;
  • қатыгездікті насихаттауға тыйым салынған.

Жаңа Конституция жобасында бұл баптың тұжырымы өзгертілген.

Онда:

“Сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі”, – деп көрсетілген.

Сонымен қатар жаңа тармақ енгізілген:

“Сөз бостандығы мен ақпарат тарату басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығына және қоғамның имандылық қағидаларына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс”.

Цензураға тыйым салатын норма өзгеріссіз сақталған.

Ал тыйым салынатын насихат түрлерінің тізімі кеңейтілген. Енді:

  • конституциялық құрылыстың негіздерін күшпен өзгертуге;
  • Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығына, егемендігі мен тәуелсіздігіне қол сұғуға;
  • қоғамдық тәртіпті бұзуға;
  • ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге;
  • соғыс пен қарулы қақтығыстарды насихаттауға;
  • әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық немесе діни үстемдікті дәріптеуге;
  • араздықты қоздыруға;
  • қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттауға;
  • осындай әрекеттерге арандатуға және оларды жасауға үндейтін шақыруларға жол берілмейді.

Еңбек дауларын шешу құқығы

Қолданыстағы Конституцияда азаматтардың жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге, оның ішінде ереуіл өткізуге құқығы бар деп жазылған. Жаңа редакцияда да еңбек дауларын шешу құқығы сақталады.

Неке

Конституция жобасында отбасы туралы бөлімге некенің кімдер арасында жасалатынын нақтылайтын тармақ енгізілген.

Онда:

“Неке – заңға сәйкес мемлекет тіркейтін, ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы”, – деп жазылған. 

Еске салсақ, Қазақстанда биыл ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заң күшіне енеді. Құжатқа қол қойылған және ол осы жылы қолданысқа енгізіледі. Дәстүрлі емес жыныстық бағдардың оң бейнесін қалыптастыруға бағытталған кез келген ақпарат насихат ретінде бағаланады.

Білім мен медицина тегін бе?

Қолданыстағы Конституцияда:

“Республика азаматтары заңда белгіленген кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемін алуға құқылы”, – деп жазылған.

Оған қоса:

“Азаматтарға мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті”, – делінген.

Ал жаңа Конституция жобасында медициналық көмек пен орта білім туралы баптардан “тегін” деген сөз алып тасталған.

Енді бұл нормалар былайша жазылған:

“Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгіленген, өздері ақы төлемейтін медициналық көмекті алуға құқылы”.

Ал білім туралы бапта:

“Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік оқу орындарында бастауыш және орта білім алуға кепілдік беріледі. Бастауыш және орта білім алу міндетті”, – деп көрсетілген.

Бұл өзгерістер қоғамда қызу талқыланған соң Үкімет өкілдері аталған қызметтер ешқашан “тегін” болмағанын түсіндірді. Олардың айтуынша, білім беру мен медициналық қызметтердің шығынын бұрын да мемлекет бюджет есебінен қаржыландырып келген. Бұл салалардың қаржыландырылуын қысқарту жоспарланып отырған жоқ.

Сонымен қатар осы бөлімге жаңа тармақ енгізілген.

Онда:

“Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарындағы білім беру және тәрбие жүйесі зайырлы сипатта болады. Бұл талап рухани (діни) білім беру ұйымдарына қолданылмайды”, – деп жазылған.

Табиғатты қорғау

Қолданыстағы Конституция бойынша мемлекет адамдардың қауіпсіз өмір сүруі үшін табиғатты қорғауға міндетті. Ал жаңа конституцияда бұл міндет азаматтардың өздеріне де жүктеледі.

Жобаға сәйкес:

“Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға міндетті”, – деп көрсетілген.

Бейбіт жиналыстар өткізу

Қазіргі Конституцияға сәйкес, азаматтардың бейбіт әрі қарусыз жиналыстар, митингілер, демонстрациялар, шерулер және пикеттер өткізуге құқығы бар. Бұл құқыққа мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығын және өзге адамдардың құқықтарын қорғау мақсатында ғана шектеу қойылуы мүмкін.

Жаңа редакцияда бейбіт жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар өткізу құқығы сақталғанымен, олардың нысандарының тізімі қысқартылған. Атап айтқанда, шерулер мен пикет өткізу туралы норма алып тасталған. Сонымен қатар жоба бейбіт жиналыстарды шектеуге болатын негіздердің санын көбейтуді ұсынады.

Енді мұндай шектеулер:

  • конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау;
  • адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау;
  • ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
  • қоғамдық тәртіпті сақтау;
  • азаматтардың денсаулығын қорғау;
  • қоғамның имандылығын сақтау мақсатында енгізілуі мүмкін.

Ал қолданыстағы Конституцияда “қоғамның имандылығы” бейбіт жиналыстарды шектеудің негіздерінің бірі ретінде көрсетілмеген.

Құқықтар мен бостандықтарды шектеу

Қолданыстағы Конституция бойынша адам құқықтары мен бостандықтарын заң арқылы және ерекше жағдайларда ғана шектеуге болады. Мұндай шектеулер конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті, өзге азаматтардың құқығын, халықтың денсаулығы мен адамгершілік қағидаттарын қорғау мақсатында ғана енгізіледі.

Жаңа Конституция жобасында бұл қағидаттар сақталғанымен, шектеу қолданылатын негіздердің тізімі кеңейтілген. Енді құқықтар мен бостандықтарды:

  • конституциялық құрылыстың негіздерін;
  • ұлттық қауіпсіздікті;
  • қоғамдық тәртіпті;
  • азаматтардың денсаулығын;
  • қоғамның адамгершілік құндылықтарын;
  • адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында шектеуге болады.

Президентке қатысты қандай өзгерістер ұсынылады?

1. Жаңа Конституция жобасында президенттің жеті жылдық бір реттік өкілеттік мерзімі өзгеріссіз сақталады. Алайда мемлекет басшысы лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптарды күшейту ұсынылған.

Қазіргі Конституцияға сәйкес, Президенттікке кандидат:

  • тумысынан Қазақстан азаматы болуы;
  • 40 жастан асуы;
  • мемлекеттік тілді білуі;
  • соңғы 15 жыл Қазақстанда тұрақты тұруы;
  • жоғары білімі болуы тиіс.

Жобаға тағы бір жаңа талап енгізілген. Оған сәйкес, кандидаттың мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі болуы қажет.

2. Президент сайлауының мерзімі өзгереді

Қазіргі Конституция бойынша президент сайлауы желтоқсан айының алғашқы жексенбісінде өтеді. Ал жаңа Конституцияда нақты күнді алып тастау ұсынылған.

Егер жоба қабылданса, президент сайлауы қолданыстағы президенттің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

3. Президенттің ант қабылдау рәсімі

Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, жаңадан сайланған президент антты қаңтар айының екінші сәрсенбісінде парламент депутаттарының, судьялардың және экс-президенттердің алдында қабылдайды. Ал жаңа Конституция жобасында бұл тәртіп өзгертіледі.

Ұсынылған өзгерістерге сәйкес:

  • Президент антты сайлау қорытындысы ресми жарияланған соң бір ай ішінде қабылдайды;
  • ант беру рәсіміне парламент депутаттары, Конституциялық және Жоғарғы соттың судьялары, экс-президенттер, қоғам өкілдері және шақырылған шетелдік қонақтар қатысады;
  • егер Президент қызметіне мерзімінен бұрын кірісетін болса (мысалы, бұрынғы президенттің отставкаға кетуі, денсаулығына байланысты қызметінен кетуі, қызметінен шеттетілуі немесе қайтыс болуы жағдайында), ант рәсімі қызметтің босауынан немесе қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде өткізіледі.

4. Президент өкілеттігінің тоқтатылуы

Қазіргі Конституцияға сәйкес, Президенттің өкілеттігі:

  • жаңадан сайланған Президент қызметіне кіріскенде;
  • мерзімінен бұрын қызметінен кеткенде;
  • қызметінен шеттетілгенде;
  • қайтыс болған жағдайда тоқтатылады.

Жаңа Конституция жобасында президент өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылу себептері нақтырақ көрсетілген.

Олар:

  • өз еркімен отставкаға кетуі (Конституциялық сотқа өтініш беру арқылы);
  • денсаулық жағдайына байланысты қызметін атқара алмауы;
  • қызметінен шеттетілуі;
  • қайтыс болуы.

Бұрынғыдай, өз еркімен биліктен бас тартпаған бұрынғы мемлекет басшыларына “экс-президент” мәртебесі сақталады.

5. Президенттің халыққа Жолдауы

Қолданыстағы Конституцияда президенттің жыл сайын халыққа Жолдау жасайтыны көрсетілген. Ал жаңа Конституция жобасында бұл норма икемдірек жазылған. Демек президенттің жолдауы міндетті түрде жыл сайын жариялануы тиіс деген талап алып тасталады.

6. Жоғары мемлекеттік лауазымдарға тағайындау тәртібі

Қазіргі Конституцияға сәйкес, президент сенаттың келісімімен:

  • Конституциялық соттың төрағасын;
  • Ұлттық банк төрағасын;
  • Жоғары сот кеңесінің төрағасын;
  • Бас прокурорды;
  • Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындайды және қызметінен босатады.

Жаңа Конституция жобасында президент тағайындайтын лауазымдардың тізімі кеңейтіледі.

Оған:

  • Конституциялық соттың төрағасы;
  • Жоғарғы соттың төрағасы;
  • Ұлттық банк төрағасы;
  • Бас прокурор;
  • Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы;
  • Орталық сайлау комиссиясының төрағасы;
  • Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы;
  • Жоғары сот кеңесінің төрағасы;
  • Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы;
  • Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кіреді.

Сонымен қатар президент құрылтайдың келісімімен:

  • Конституциялық соттың 10 судьясын (8 жылға);
  • Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін (5 жылға);
  • Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін (5 жылға) тағайындайды.

Егер Құрылтай осы тағайындауларға екі рет қатарынан келісім бермесе, президенттің оны тарату құқығы болады.

Жобаға тағы бір жаңа норма енгізілген.

Оған сәйкес:

“Құрылтайдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, уақытша жұмыс істемеген кезеңде президент Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары немесе заңдары күші бар жарлықтар шығара алады”.

7. Президенттің қылмыстық жауапкершілігі

Қазіргі Конституцияда президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайтыны, президент пен оның отбасының қауіпсіздігі мен қызметтік қамтамасыз етілуі мемлекет есебінен жүзеге асырылатыны көрсетілген. Бұл нормалар экс-президенттерге де қолданылады.

Ал жаңа Конституция жобасында президенттің қызметтік өкілеттігін жүзеге асыру барысында қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілігіне қатысты жаңа норма енгізіледі.

Жобаға сәйкес:

“Қазақстан Республикасының президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде қабылдаған шешімдері мен әрекеттері үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Мемлекетке опасыздық жасау жағдайы ғана бұл нормадан тыс қалады”.

Вице-президент лауазымы қайта енгізіледі

Қазақстанда вице-президент қызметі бұған дейін де болған. Бұл лауазымды 1991–1996 жылдары Ерік Асанбаев атқарған. Кейін қызмет жойылған еді. Енді жаңа Конституция жобасында вице-президент лауазымын қайта енгізу ұсынылып отыр.

Жобаға сәйкес, вице-президентті президент құрылтайдың келісімімен тағайындайды.

Вице-президенттің негізгі міндеттері:

  • Президенттің тапсырмасымен шетелде Қазақстанның атынан өкілдік ету;
  • Президенттің атынан құрылтаймен, үкіметпен және өзге мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізу;
  • Президенттің тапсырмасы бойынша еліміздегі және шетелдегі қоғамдық, ғылыми және мәдени ұйымдармен байланыс орнату;
  • Президент жүктеген өзге де міндеттерді орындау.

Егер құрылтай вице-президенттің кандидатурасын екі рет қатарынан мақұлдамаса, президенттің оны тарату құқығы болады.

Сонымен қатар вице-президент институтының енгізілуі билік өкілетін уақытша беру тәртібіне де өзгеріс енгізеді.

Қазіргі тәртіп

Егер Президент өз өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатса, оның міндетін:

  • алдымен сенат төрағасы;
  • ол атқара алмаған жағдайда мәжіліс төрағасы;
  • одан кейін премьер-министр атқарады.

Жаңа жоба бойынша

Егер Конституция жобасы қабылданса, өкілет:

  • алдымен вице-президентке;
  • ол қызметті атқара алмаса – құрылтай төрағасына;
  • ал ол да атқара алмаған жағдайда премьер-министрге беріледі.

Сонымен қатар құрылтай президенттің өкілет мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап жеті күн ішінде кезектен тыс президент сайлауын тағайындауы тиіс. Ал сайлау екі ай ішінде өткізіледі.

Бір палаталы парламентке көшу

2025 жылғ 8 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда бір палаталы парламент құруды ұсынды. Кейін оған "Құрылтай" атауын беретінін айтты. Енді бұл бастама Конституцияда бекітіліп, жаңа заң шығарушы органның қызметі жан-жақты реттелмек.

Құрылтай туралы негізгі мәліметтер

Жобаға сәйкес:

  • Құрылтай 145 депутаттан тұрады;
  • депутаттардың өкілет мерзімі – 5 жыл.

Құрылтай депутаты болу үшін азамат:

  • 25 жасқа толуы;
  • Қазақстан азаматы болуы;
  • соңғы 10 жыл бойы ел аумағында тұрақты тұруы қажет.

Құрылтай депутаттары парламенттің келісімінсіз:

  • қамауға алынбайды;
  • тұтқындалмайды;
  • қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

Бұл норма тек қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларға қолданылмайды.

Депутат қандай жағдайда өкілетінен айырылады?

Құрылтай депутаты:

  • өз еркімен мандатынан бас тартса;
  • қайтыс болса;
  • сот оны әрекетке қабілетсіз, қайтыс болды немесе хабар-ошарсыз кетті деп таныса, өкілеті тоқтатылады.

Сонымен қатар депутат:

  • шетелге тұрақты тұруға көшсе;
  • соттың айыптау үкімі заңды күшіне енсе;
  • Қазақстан азаматтығынан айырылса;
  • сайланған партиясынан шықса немесе одан шығарылса;
  • өзі сайланған партия қызметін тоқтатса,

депутаттық мандатынан айырылады.

Құрылтайдың өкілеті қандай болады?

Конституция жобасында құрылтай Қазақстанның жоғары өкілді және заң шығарушы органы ретінде айқындалған.

Ол:

  • заң қабылдайды;
  • мемлекеттік маңызы бар мәселелерді қарайды;
  • Президент қарсылық білдірген заңдарды қайта қарайды;
  • соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешеді;
  • Президент сайлауын тағайындайды;
  • республикалық референдум өткізу бастамасын көтере алады.

Оған қоса Құрылтай:

  • жоғары мемлекеттік лауазымдарға тағайындауларды келіседі;
  • Үкіметтің қызметін есептер мен сенімсіздік вотумы арқылы бақылайды;
  • комиссиялар құрады;
  • парламенттік тыңдаулар өткізеді;
  • республикалық бюджеттің орындалуын қадағалайды.

Құрылтай төрағасы қалай сайланады?

Құрылтай төрағасы депутаттардың арасынан жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Кандидатты президент ұсынады. Егер депутаттар ұсынылған үміткерді екі рет қатарынан қолдамаса, президент құрылтайды тарата алады.

Құрылтай төрағасының міндеттері

Құрылтай төрағасы:

  • отырыстарды шақырады және жүргізеді;
  • қаралатын мәселелерді әзірлеуге жетекшілік етеді;
  • орынбасарлардың кандидатурасын ұсынады;
  • Құрылтай регламентінің сақталуын бақылайды;
  • үйлестіруші органдардың жұмысын басқарады;
  • Құрылтай қабылдаған актілерге қол қояды;
  • регламентте көзделген өзге де міндеттерді орындайды;
  • сессияларды ашады және өз құзыреті шегінде өкімдер шығара алады.

Құрылтайдың заң шығару қызметі

Заң жобаларын енгізу құқығы:

  • Президентке;
  • Құрылтай депутаттарына;
  • Үкіметке;
  • Қазақстан халық кеңесіне беріледі.

Барлық заң жобалары тек Құрылтайда қаралады. Сонымен қатар Президент белгілі бір заң жобаларын басым тәртіппен қарауды талап ете алады. Мұндай заң жобалары екі ай ішінде қабылдануы тиіс.

Құрылтай:

  • азаматтардың құқықтары мен міндеттері;
  • салық және бюджет;
  • сот жүйесі;
  • білім беру;
  • денсаулық сақтау;
  • әлеуметтік қамсыздандыру;
  • қоршаған ортаны қорғау;
  • қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздік;
  • мемлекеттік рәміздер;
  • халықаралық шарттар

сияқты негізгі мәселелер бойынша заң қабылдайды.

Үкімет адамдардың өміріне, қоғамдық тәртіпке немесе экономикаға қауіп төнген жағдайда шұғыл заң жобаларын енгізе алады. Құрылтай оларды қарап үлгергенге дейін мұндай құжаттар үкіметтің жауапкершілігімен уақытша қолданылады. Қабылданған заңдар Президенттің қол қоюына 10 күн ішінде жіберіледі. Егер Құрылтай заң жобасын қабылдамаса, ол бастама көтерген адамға қайтарылады.

Ал республикалық бюджетке әсер ететін заң жобалары үкіметтің келісімімен ғана қаралады. Бұл талап президент енгізген заң жобаларына қолданылмайды. Егер құрылтай заң жобасын қабылдамаса, премьер-министр үкіметке сенім білдіру мәселесін көтере алады. Егер сенімсіздік вотумы қабылданбаса, заң жобасы автоматты түрде қабылданған болып есептеледі. Алайда Үкімет бұл тетікті жылына екі реттен артық пайдалана алмайды. Жобаға сәйкес, әрбір заң жобасы соңғы қабылдануына дейін кемінде үш оқылымнан өтуі тиіс.

Құрылтайды тарату тәртібі

Жаңа Конституция жобасына сәйкес, президент құрылтайды оның төрағасымен және премьер-министрмен кеңескеннен кейін тарата алады.

Құрылтай мынадай жағдайларда таратылуы мүмкін:

  • депутаттар парламенттің келісімін қажет ететін лауазымға ұсынылған кандидатураны екі рет қатарынан мақұлдамаса;
  • немесе құрылтай төрағасын екі рет қатарынан сайлай алмаса.

Алайда бұл өкілеттікті пайдалануға бірқатар шектеулер енгізіледі.

Президент Құрылтайды:

  • төтенше немесе әскери жағдай кезінде;
  • Президент өкілеттігінің соңғы алты айында;
  • алдыңғы таратудан кейін бір жыл өтпей тұрып тарата алмайды.

Қазақстан халық кеңесі туралы не белгілі?

Жаңа Конституция жобасында Қазақстан халық кеңесін құру көзделген. Бұл орган халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік институт ретінде жұмыс істейді. Қазақстан халық кеңесі Қазақстан азаматтарынан құралады.

Жобаға сәйкес, оның негізгі міндеттері:

  • ішкі саясаттың маңызды бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу;
  • ұлттық бірлікті нығайтуға ықпал ету;
  • жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу;
  • Құрылтайдың қарауына заң жобаларын енгізу;
  • республикалық референдум өткізуді ұсыну.

Тағы қандай өзгерістер ұсынылады?

Конституция жобасына сәйкес:

  • барлық деңгейдегі соттардың судьяларын президент Жоғары сот кеңесінің ұсынымы бойынша тағайындайды;
  • Бас прокурордың өкілеттік мерзімі бес жылдан алты жылға дейін ұзартылады.
Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 01 Шілде, 2026 07:25