Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 100 жастан асқан қанша зейнеткер бары белгілі болды

зейнеткерлер
Фото: magnific.com

Бүгінде Қазақстанда 2,4 миллионнан астам азамат зейнетақы алады. Олардың арасында ғасыр жасаған 44 зейнеткер бар. Ең жасы үлкен әйел Шымкент қаласының 106 жастағы тұрғыны болса, ер адамдар арасында ең қарт зейнеткер Алматы қаласының 104 жастағы тұрғыны Зұлқарнай Сейітов. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

1 қазан – Қазақстанда Қарттар күні аталып өтеді. Бұл күн аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ел дамуына қосқан үлесін құрметтеуге арналған. Бүгінде еліміздегі әр зейнеткердің артында ұзақ жылғы еңбек жолы мен қоғамға қосқан өзіндік үлесі бар.

Қазіргі таңда республика бойынша 2,4 миллионнан астам азамат зейнетақы алады. Оның 64%-ы әйелдер, 36%-ы ерлер. Яғни зейнетақы алушылардың үштен екісіне жуығын әйелдер құрайды.

Сонымен қатар Қазақстанда 100 жастан асқан 44 зейнеткер бар. Еліміздегі ең қарт әйел зейнеткер Шымкент қаласында тұрады. 106 жастағы кейуана бүгінде отбасының ортасында, жақындарының қамқорлығында өмір сүріп жатыр.

Ал ер адамдар арасында ең жасы үлкен зейнеткер Алматы қаласының 104 жастағы тұрғыны Зұлқарнай Сейітов. Зұлқарнай Сейітов Ұлы Отан соғысының ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор және академик. Ол Сталинград шайқасынан Берлинге дейінгі майдан жолынан өткен.

Соғыстан кейін Зұлқарнай Сейітов ғылым мен педагогика саласына ден қойып, ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Ол 150-ден астам ғылыми еңбектің, монографиялар мен оқу құралдарының авторы.

Ардагер "Қызыл Жұлдыз", II дәрежелі "Отан соғысы" ордендерімен, сондай-ақ "Сталинградты қорғағаны үшін" және "Ерлігі үшін" медальдарымен марапатталған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның үш өңірінде Қарттар күніне орай 150 мыңнан астам адамға біржолғы ақшалай көмек берілетінін жазған едік. Астанада зейнеткерлерге 10 812 теңге, Қарағанды облысында 75 жастан асқан тұрғындарға 21 625 теңге, Түркістан облысында жалғызілікті қарттарға 21 625 теңге төленеді. Ал бірқатар өңірлерде Қарттар күніне арнайы төлем қарастырылмаған.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 09:22