Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Артық салмақтан арыламын деп ота кезінде көз жұмған қазақстандықтың туыстары 1,5 жыл өтсе де тергеудің аяқталмағанына наразылық білдірді

Кристина Ермолова
Фото: time.kz

Артық салмақтан арыламын деп ота кезінде көз жұмған 35 жастағы Вячеслав Ермоловтың туыстары ер адамның өліміне кім жауапты екенін анықтай алмай келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Вячеслав Ермолов 2025 жылдың 5 қаңтарында бариатриялық ота жасату үшін Теміртаудан Қарағандыға жеке клиникаға барған. Ер адам оте кезінде көз жұмған. Оның артында әйелі мен кәмелетке толмаған үш баласы қалды.

Қазір марқұмның туыстары бірнеше рет тоқтатылып, қайта басталған тергеудің аяқталуын күтіп жүр. Жәбірленушілердің адвокатының айтуынша, негізгі сараптама үш айдан астам уақыт бұрын аяқталса да, іс әлі күнге дейін сотқа жолданбаған.

“Бұл сараптама 10 маусымда аяқталса, неге іс әлі сотта қаралмай жатыр?”, – дейді адвокат Татьяна Рыбалкина.

Вячеслав артық салмақпен ұзақ уақыт күрескеннен кейін бариатриялық ота жасатуға шешім қабылдаған көрінеді. Бұл ота арқылы асқазанның көлемі кішірейтіліп, адамның тұтынатын тағам мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді.

Ер адам өздігінен арықтауға ұзақ уақыт тырысқан, спортпен айналысып, диета ұстанған, түрлі әдістерді қолданып көрген. Нәтижесінде 2021 жылы 20 келі салмақ тастаған. Алайда жұбайы Кристинаның айтуынша, анасы қайтыс болғаннан кейін бір жыл ішінде қайтадан шамамен 40 келі салмақ қосқан. Артық салмақ оның денсаулығына кері әсер еткендіктен ер адам отадан соң жаңа өмір бастағысы келген екен. 

“Ол кешке үйден шығып кетті. Мен есіктің алдында жылап қалдым. Сонда ол әзілдеп: "Менімен қоштасып жатырсың ба?" – деп сұрады. Кейін оның бір жамандықты сезгендей болғанын түсіндім”, – деп еске алды марқұмның жұбайы Кристина Ермолова.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, ота басталмай жатып, науқасты наркозға дайындау кезеңінде-ақ мәселе туындаған. Адвокат ер адамның жағдайының нашарлау белгілері дәрі-дәрмектер енгізілгенге дейін байқалғанын айтады.

"Бұл шұғыл ота болған жоқ. Яғни адамның өмірі қыл үстінде болып, "ота жасау керек пе, жоқ па?" деген таңдау тұрған жағдай емес. Неге отадан бас тартылмады?", – дейді Рыбалкина.

Науқас қайтыс болғаннан кейін клиникада медициналық көмектің сапасына жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Қарағанды облысының медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің мәліметінше, тексеру барысында жоспарлы хирургиялық көмек көрсету кезінде заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша өте жоғары қауіп тобына жататын науқастың толық тексерілмегені, қажетті мамандардың кеңесі алынбағаны және анестезиолог-реаниматологтардың қателіктері анықталған.

Тексеру актісіне сәйкес, науқас ота басталмай тұрып, наркоз енгізу кезінде қайтыс болған. Сонымен қатар хирургтің біліктілігіне қатысты да мәселе туындаған. Департамент мәліметінше, маманда жалпы хирургия бойынша сертификат болған, алайда бариатриялық және метаболикалық хирургия бойынша сертификаты болмаған.

Жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Медициналық ұйым басшылығына хирург қажетті сертификат алғанға дейін бариатриялық оталады тоқтата тұру туралы нұсқама берілді. Тексеру материалдары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, денсаулық сақтау басқармасына және полицияға жолданды.

Тексерумен қатар қылмыстық іс бойынша тергеу де жүргізілген. Науқастың өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі "медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Адвокаттың айтуынша, іс материалдарын қарауға түрлі медициналық бағыттағы кемінде 12 маман тартылған. Осыдан кейін комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалған. Қазір отбасының қолында 465 беттен тұратын сараптама қорытындысы бар. Сарапшылар екі медицина қызметкерінің әрекеті мен Вячеславтың өлімі арасында себеп-салдарлық байланыс бар екенін анықтаған.

Адвокаттың айтуынша, іс бойынша іс жүргізу бірнеше рет тоқтатылып, кейін қайта жалғасқан. Жәбірленуші тарап сондай-ақ кейбір процестік шешімдермен белгіленген тәртіппен таныстырылмағанын мәлімдейді. Қазір адвокат құқық қорғау органдарынан нақты жауап талап етіп отыр. Яғни ауызша түсініктеме емес, тиісті құжаттарды сұрауда.

Туыстары үшін осы уақыт ішінде отбасы өмірінің түбегейлі өзгеруі де ауыр тиіп отыр. Вячеслав отбасының негізгі асыраушысы болған. Ол қайтыс болғаннан кейін артында несиелері қалды.

Кристина 10 жыл бойы үй шаруасы мен бала тәрбиесімен айналысқан. Қазір оның айтуынша, әзірге жұмысқа шыға алмайды. Балаларын қарайтын адам жоқ, ал мамандығына қайта оралу үшін қосымша оқудан өтуі қажет.

Вячеслав қайтыс болған 2025 жылдың 6 қаңтардан бері бір жарым жылдан астам уақыт өткен. Ал осы бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі – екі жыл.

“Сұрақтардың бір бөлігіне қазір ресми жауаптар бар. Медициналық бақылау жүргізген тексеру заңбұзушылықтарды тіркеп, әкімшілік шаралар қолданылды. Алайда әкімшілік жаза қылмыстық жауапкершілікпен бірдей емес. Сондықтан біз сотты күтіп отырмыз. Бірақ үш айдан кейін қылмыстық жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі аяқталатыны және іс жабылып қалуы мүмкін екені бізді алаңдатады”, – дейді Кристина.

Адвокат материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы талап арыз дайындап жатыр.

"Біздің оқиғамыз басқа медицина қызметкерлеріне сабақ болғанын қалаймыз. Адамдар науқастарға жауапкершілікпен қарап, оларды мұқият тексеріп, операцияға алу туралы шешім қабылдамас бұрын бәрін ескерсе екен дейміз", – дейді марқұмның жұбайы.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі сотқа дейінгі тергеудің жалғасып жатқанын хабарлады.

Еске салсақ, бұған дейін Қарағандыда жекеменшік клиникада ота үстелінде 35 жастағы ер адам көз жұмғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 22:51