Пластикалық отадан кейін көз жұмған депутат ісі: Тексерістен кейін клиника ережелерді бұзғаны анықталды

Пластикалық отадан кейін қайтыс болған Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов ісіне байланысты жекеменшік клиникада жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде бірнеше өрескел заң бұзушылық анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, тексеру барысында ұйымдастыру, емдеу-диагностикалық жұмыстар мен медициналық құжаттарды жүргізуде бірқатар кемшіліктер анықталған.
Атап айтқанда, 2026 жылдың 4 сәуірінде сағат 13:35-те Ербол Айтуовтың жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдеммен Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының "қызыл" аймағына жеткізілген. Бір айдан кейін, 2026 жылдың 5 мамырында ол жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Тексеру барысында оның II типті қант диабетімен ауыратыны және диспансерлік есепте тұрғаны анықталған. Бұл жағдай операция алдында науқасты эндокринологқа қосымша тексеріске жіберіп, қандағы қант деңгейін реттеуді қажет ететін еді. Алайда, фармбақылау мәліметінше, бұл талап орындалмаған.
"Операция алдында пациент эндокринолог кеңесіне жіберілмеген. Істі талдау кезінде науқас жоспарлы операция алдында тексеруден өткені анықталды. Бірақ операцияға дейінгі дайындық пен тәуекелді бағалау кезеңдері толық стандартқа сай орындалмаған", – делінген ведомство хабарламасында.
Департаменттің мәліметінше, пациенттерді жоспарлы операцияға жіберу және рұқсат беру туралы шешімді қабылдау жауапкершілігі осы клиникадағы бас дәрігер қызметін атқаратын пластикалық хирургқа жүктелген. Сонымен қатар, науқаста қатар жүретін аурулар анықталғанына қарамастан, ол қосымша тексерулер тағайындамаған және эндокринолог пен терапевтке жолдамаған.
"Анықталған зертханалық көрсеткіштердегі ауытқуларды ескере отырып, пациентті қосымша тексеруге және анықталған бұзушылықтарды түзетуге жіберу қажет еді", – делінген ведомство хабарламасында.
Тексеру нәтижесінде медициналық мекемеге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, материалдар Маңғыстау облысының полициясы мен прокуратурасына жолданған. Енді құқық қорғау органдары дәрігерлердің әрекетіне құқықтық баға береді. Фармбақылау департаментінің мәліметінше, клиникаға 2023 және 2025 жылдары да науқастардың шағымдары негізінде жоспардан тыс тексерістер жүргізілген. Медициналық орталық 2015 жылғы 31 шілдеде Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы берген лицензия және оның қосымшалары негізінде жұмыс істейді.
Ведомствоның түсіндіруінше, клиника жалпы медициналық лицензия негізінде ғана пластикалық операция жасай алмайды. Ол үшін арнайы рұқсат болуы тиіс.
Әлеуметтік желілерде ақпарат тарағаннан кейін клиника Instagram парақшасында пікір білдіріп, дәрігерге тағылған айыптарда аталған операцияны ол жасамағанын хабарлаған. Клиника сонымен қатар лицензиясы бар екенін айтып, Ербол Айтуовтың отбасына көңіл айтқан.
Еске салайық, 49 жастағы Ербол Айтуов 4 сәуірде липосакция жасатуға барған. Жұбайының айтуынша, наркоздан кейін оның қан қысымы мен қант деңгейі күрт көтеріліп, комаға түскен. Бір айдан соң ол ауруханада қайтыс болды. Марқұмның жұбайы клиника дәрігерлерін салғырттық жасады деп айыптаса, денсаулық сақтау министрлігі тексеріс барысында бірнеше заңбұзушылық анықталғанын мәлімдеген.
"Жанжал адам өлімімен аяқталған": Қытайда төбелес болып, қазақстандықты ұстап әкетті
Оқыңыз