Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жасанды интеллектіге асқан жауапкершілікпен қарау қажет": Тоқаев AI & Digital Bridge–2026 халықаралық форумында сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде бүгінде Digital Bridge форумы Еуразиядағы беделді және танымал технология алаңына айналғанын атап өтті.

“Мұнда әлемнің технологиялық дамуына зор үлес қосып жүрген білікті мамандар жиналды. Форум аясында жаңа идеялар мен тың бастамалар ұсынылады, тиімді байланыстар орнатылып, нақты жобалар іске қосылады. Сондықтан Digital Bridge халықаралық форумын шын мәнінде жаңашыл, жасампаз және зияткер азаматтар бас қосатын бірегей жиын деп айтсақ, артық болмасы анық”, – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев жасанды интеллектіге қатысты асқан жауапкершілік таныту қажет екенін атап өтті.

“Жақында президент Дональд Трамптың бастамасымен Американың жетекші технологиялық компаниялары Суперинтеллект туралы келісімге қол қойғанын айтқым келеді. Менің ойымша, мүдделі елдер осы тәсілді үлгі ретінде қарастырып, мұқият зерделеген соң жаһандық деңгейде қолдануға болар еді”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев Форумда
Фото: akorda.kz

Президент Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанына назар аударып, еліміздің жетістіктеріне тоқталды.

“Өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді. Бұл қадамдар мен жетістіктер еліміздегі және әлемдегі прогреске үлес қосуға Қазақстанның да ниетті екенін көрсетеді. Дегенмен озық технология саласындағы бұл жетістіктермен шектеліп қалуға болмайды. Біз еліміздің мықты технологиялық негізін қалыптастырамыз десек, инновациялық стартап-компанияларға нақты қолдау көрсетіп, озық жобаларды жүзеге асыруымыз керек”, – деді мемлекет басшысы.

Бұл ретте президент өнеркәсіп саласы бойынша жасанды интеллект міндеттерінің тізімін жасау маңызды деп санайды. Аталған тізім нақты экономикалық қажеттіліктерге негізделуге тиіс.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев осы тізімге сүйене отырып, Қазақстан мен шетелден келген командалардың қатысуымен AI Challenge ұйымдастыруды ұсынды. Оң нәтиже көрсеткен үздік жобалар міндетті түрде өндіріске енгізіледі.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Мюнхенде Қазақстан-Бавария технологиялық форумының ашылуында сөз сөйлеген еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 21:08