Құрылтай сайлауы: Орталық сайлау комиссиясы қазақстандықтарға үндеу жасады

Орталық сайлау комиссиясының отырысында 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына дайындық пен дауыс беру кезеңдерінің кестесі жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ОСК мәліметінше, сайлауға дайындық бірнеше кезең бойынша жүргізіледі:
- 1 шілде – сайлауды тағайындау;
- 2 шілде – кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңінің басталуы;
- 13 шілде сағат 18:00-ге дейін – кандидаттарды ұсыну кезеңінің аяқталуы (барлығы 12 күн);
- 23 шілде сағат 18:00-ге дейін – кандидаттарды тіркеу кезеңінің аяқталуы және 29 күнге созылатын сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының басталуы;
- 22 тамыз сағат 00:00-ден бастап – тыныштық күні;
- 23 тамыз – дауыс беру күні;
- 1 қыркүйек – сайлау қорытындыларын анықтаудың соңғы мерзімі (қорытынды шығаруға 10 күн бөлінген).
Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясы азаматтардың Құрылтай депутаттарын сайлау алдында өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін қалай тексере алатынын түсіндірді.
"2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы тарихында алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Сіздерді азаматтық жауапкершілік танытып, еліміздің одан әрі дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи оқиғаға қатысу арқылы өз конституциялық құқықтарыңызды жүзеге асыруға шақырамыз. Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысу құқығына ие сайлаушылар тізіміне енгізілуіңіз – сайлауға қатысу жөніндегі конституциялық құқығыңызды жүзеге асырудың кепілі", – делінген хабарламада.
ОСК мәліметінше, сайлаушылар тізімі азаматтардың тиісті сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі негізінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан жасалады.
"Уақытша тіркеуде тұрған азаматтар жергілікті атқарушы органға тиісті өтініш беру арқылы сайлаушылар тізіміне енгізіледі. Бұл ретте олар тұрақты тіркелген жеріндегі тізімнен шығарылады. Сайлау учаскелерінің шекаралары мен учаскелік сайлау комиссияларының орналасқан орындары туралы мәліметтерді тиісті әкімдер 2026 жылғы 16 шілдеге дейін жариялайды. Өзіңіздің қай сайлау учаскесіне тіркелгеніңізді және сайлаушылар тізіміне енгізілгеніңізді тұрғылықты жеріңіз бойынша жергілікті атқарушы органға жүгіну арқылы біле аласыз. Егер тізімде болмасаңыз, әкімдікке тиісті өтініш беруге құқылысыз. Жазғы демалыс кезеңін ескере отырып, азаматтарға есептен шығару куәлігін алып, өз елді мекенінен тыс жерде дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған", – деп хабарлады ОСК.
Сондай-ақ 7 тамыздан бастап сайлау учаскелерінде азаматтар Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысу құқығы бар сайлаушылар тізіміндегі өз деректерін тексере алады. Қажет болған жағдайда мәліметтерді өзгерту немесе нақтылау үшін учаскелік сайлау комиссиясына өтінішпен жүгінуге болады.
Еске салсақ, 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді. Енді елімізде бір палаталы Парламент – Құрылтай жұмыс істейді. Оның құрамына 145 депутат сайланады. Сайлау бұрынғыдай тек партиялық тізімдер бойынша өтеді.
1 шілде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарын сайлауды 2026 жылғы 23 тамызға тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.
Астанада ер адам жолға таласып, әйелді соққыға жыққан: Ол ауруханадан бір-ақ шықты
Оқыңыз