Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот Бақытжан Байжановтың не себепті бостандыққа шыққанын түсіндірді

Байжанов бостандық
Фото: Жоғарғы сот

Ақмола облысы Степногорск қалалық соты Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжановқа қатысты негізгі жазаның өтелмеген бөлігінің мөлшерін қысқарту туралы ұсынысты қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бақытжан Байжанов 2024 жылғы 13 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеді.

“Сотталған мен оның қорғаушылары мекеменің ұсынысын қанағаттандыруды, прокурор мекеменің ұсынысын қанағаттандырулуы тиіс екендігін атап өтті. Рақымшылық жасау туралы заңның 2-бабы 4-тармағына сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін теріс мінез-құлық дәрежесі жоқ, осы заңның 4-бабының 4-тармағында белгіленген рақымшылық жасау актісін орындау кезеңінде жазасын бір жылдан аспайтын уақыт қалған сотталған адамдарға негізгі жазаның өтелмеген бөлігінің мөлшері қысқартылады”, – деп жазды сот.

Сот Байжановтың ауыр қылмыс жасағанын атап өтті. 

Мекеме ұсынған анықтамада сотталушының тәртібі жақсы болғаны көрсетілген. Оның өтемеген мерзімі – 3 ай 18 күн. 

“Сот отырысында сотталған Байжанов рақымшылық жасау актісін қолдануға қарсылық білдірмеді. Көрсетілген жағдайларда сот ҚАЖК "№ 4 мекеме" РММ ұсынысын қанағаттандырды, Байжановқа қатысты негізгі жазаның өтелмеген бөлігінің мөлшері қалған барлық мерзімге қысқартылды. Байжанов бас бостандығынан айыру орынынан босатылды”, – делінген сот хабарламасында.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, Астанадағы Bau мейрамханасында әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаев 2024 жылғы 13 мамырда 24 жылға сотталды. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасрыру бабы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

2024 жылғы қыркүйекте Байжанов үкімді қайта қарау туралы кассациялық өтініш берген, алайда кейін оны кері қайтарып алған. Адвокаты бұл шешімнің себебін нақтыламағанымен, оның кез келген уақытта қайта жүгінуге құқығы бар екенін айтқан.

Былтыр шілдеде Байжанов Степногорск аудандық сотына өтініш жолдап, рақымшылық жасау туралы заң аясында мерзімін қысқартуды сұраған. Бұған дейін Байжановтың адвокаты рақымшылық жасалса, оның қорғауындағы азаматтың мерзімі шамамен сегіз айға қысқартылуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Сот амнистия туралы өтінішті қанағаттандырып, Байжановтың жаза мерзімін 8 ай 8 күнге қысқартты. Ол кезде ол 1 жыл 11 ай жазасын өтеп үлгерген еді. Осылайша, Байжанов 2026 жылғы қарашада бостандыққа шығуы керек болған.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2026 18:59