Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада автобустағы жанжалдан кейін ер адам жолаушы әйелді қуып барып, шабуыл жасаған

Астана ер адам
Фото: видеодан скрин

 

Астана тұрғыны әлеуметтік желіде автобуста болған сөзге келіспеушіліктен кейін бейтаныс ер адамның аялдамада артынан еріп шығып, агрессия танытқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жәбірленушінің айтуынша, жанжал автобус ішінде басталған. Оның сөзінше, ер адам алғаш болып дөрекілік көрсеткен. Әйел жауап қайтарғаннан кейін, ол аялдамада артынан еріп шыққан.

Автордың айтуынша, ер адам оған қол көтермек болып, кейін болған жағдайды видеоға түсірмек болған ұялы телефонын қатты ұрып жіберген.

"Қыздар, абай болыңыздар! Автобустағы жанжалдан кейін бұл ер адам менің соңымнан аялдамаға дейін еріп келді. Сол жерде де өзін агрессивті ұстап, маған қол көтермек болды. Кейін телефонымды бар күшімен ұрып жіберді, соның салдарынан ол жерге ұшып түсті. Өмірім үшін қорыққандықтан, оны видеоға түсіруге тырыстым. Егер оны танитын болсаңыздар, маған хабарласыңыздар", – деп жазды ол.

Астана қалалық полиция департаменті күдіктінің жеке басы анықталғанын хабарлады.

"Құқық бұзушы анықталды. Тексеру нәтижесі бойынша ол Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады", – деп мәлімдеді полиция.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанда 41 жастағы ер адам діни некедегі екінші әйелін өлтіру үшін 10 мың долларға киллер жалдағаны хабарланған еді. Тергеу мәліметінше, ол орындаушыға алдын ала 2 мың доллар беріп, қалған қаржыны қылмыс жасалғаннан кейін төлеуге келіскен. Алайда жалдамалы киллер құқық қорғау органдарымен ынтымақтастыққа барып, арнайы операция нәтижесінде әйелдің өмірі сақталып қалды. Күдікті қылмыс "орындалды" деп ойлап, қалған 8 мың долларды бермек болған сәтте ұсталған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2026 17:48