"Кофе ішкенше садақа бер": Желідегі мешітке қаражат жинайтын видеолар жұрттың наразылығын тудырды

Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде “мешітке садақа бер”, “медресеге ақша аудар”, “кофе ішкенше садақа жаса”, “балмұздақ алғанша қайырымдылыққа бер” деген мазмұндағы видеолар көбейді. Кейбір қазақстандықтар мұны қарапайым қайырымдылыққа шақыру деп қабылдаса, енді бірі адамның ар-ожданына әсер ететін психологиялық қысым деп бағалап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желі қолданушыларының бірі бұл құбылысқа назар аударып, бүгінде садақа сұрау жеке-жеке жарияланым емес, тұтас бір индустрияға айналып бара жатқандай әсер қалдыратынын жазды. Оның пікірінше, көптеген видеода адамдардың күнделікті шығындарын садақамен салыстыру арқылы моральдық қысым жасалады. Яғни адам өз ақшасын жеке қажеттілігіне жұмсаса, өзін кінәлі сезінуі керек сияқты әсер қалыптасады.
“Бір сұрақ: Қазақстанның бәрін медресеге айналдырмақ па? Жыл сайын жаңа құрылыс, жаңа жинақ, жаңа реквизиттер. Бұл процесс қашан аяқталады? Мектепке, ғылымға, ауруханаға, жетімдерге, студенттерге ақша жинау туралы дәл осындай агрессивті жарнамаларды неге көрмейміз?” – деп жазды ол.
ОқыңызОл садақаға қарсы емес екенін, алайда қайырымдылық пен эмоциялық манипуляцияның арасында үлкен айырмашылық барын атап өтті. Автордың пікірінше, кейінгі уақытта кейбір діни парақшалар рухани ағартудан гөрі онлайн-донат жүйесіне көбірек ұқсай бастаған.
“Мен садақаға қарсы емеспін. Бірақ қайырымдылық пен эмоциялық манипуляцияның арасында үлкен айырмашылық бар. Соңғы кезде кейбір діни парақшалар рухани ағартудан гөрі онлайн-донат жүйесіне көбірек ұқсап кетті”, – деп жазды ол.
“Мүфтият қайда қарап отыр?”
Желі қолданушыларының бір бөлігі әлеуметтік желідегі садақа жинау тәсілдерін қайырымдылықтан гөрі жарнамаға құрылған бизнес үлгісіне ұқсатты.
“Бұл қазір жай ғана садақа жинау емес, тұтас бір индустрияға айналғандай. Таргет арқылы адамның қорқынышын, күмәні мен кінә сезімін қозғап, ақыреттегі сауапты тауар секілді ұсынып отыр”, – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.
Тағы бір қолданушы осындай қысым мен манипуляциядан кейін садақа беруге деген ықыласы жоғалғанын жеткізді.
“Мұндай тәсілмен садақа сұрағаннан кейін мүлде бергім келмей қалды”, – деді ол.
Кейбір оқырмандар діни мазмұндағы жарнамалардың тым жиілеп кеткеніне және адамдарға құлшылық пен садақаны күштеп таңуға ұқсайтынына наразылық танытты.
“Айтатындары тек о дүние, садақа, құлшылық. Әркім қалай өмір сүретінін өзі шешеді. Намаз оқысаңыздар, басқаларды түртпектеп, қысым жасамаңыздар”, – деп жазды желі қолданушысы.
Тағы бір пікірде “диванда тыныш жатқың келе ме, әлде ертең қара жердің астында да солай жатқың келе ме?” деген сарындағы сөздердің адамды қорқытуға бағытталғаны айтылды. Автор мұндай жарнамалардың әсіресе YouTube желісінде жиі кездесетінін және олардың артында алаяқтар тұруы мүмкін екенін алға тартты.
“Олар адамдарды ашық түрде манипуляциялап отыр. Әсіресе YouTube-тағы жарнамалар күмән тудырады”, – делінген пікірде.
Кейбір қолданушылар мәселе садақаның өзінде емес, оны ұсыну тәсілінде екенін атап өтті. Олардың сөзінше, адам қайырымдылықты қысыммен емес, шын ниетімен жасауы керек.
“Ең болмаса, мұндай видеоларды YouTube-қа салмай-ақ қойса екен. Көретін дүниемізді ешқандай қысымсыз көрейік. Беретін адам онсыз да шын көңілімен береді”, – деп жазды оқырмандардың бірі.
Тағы бір пікір иесі агрессивті жарнаманы тіпті дін жолында жүрген адамдардың өзі артық деп қабылдайтынын айтты. Сондай-ақ ол мұндай әрекеттерге діни басқарма назар аударуы керек деп есептейді.
“Бұл мүлде дұрыс емес. Садақаны тым өктем түрде тықпалап жатыр. Мұндай нәрсе қарапайым адамға ғана емес, дінді ұстанатындарға да жағымсыз әсер етеді”, – деді ол.
Желі қолданушыларының енді бірі жиналған қаражаттың мешітке емес, жарнамаға, бейнеролик түсіруге және блогерлердің гонорарына жұмсалуы мүмкін екеніне алаңдады.
“Мені мешітке ақша жинағаны емес, сол жарнаманы таратқан блогерлердің қанша ақы алатыны алаңдатады. Менің берген ақшам олардың қаламақысына кеткенін қаламас едім”, – деп жазды пікір иесі.
Оны қолдағандар да мәселе садақада емес, қаржының қанша бөлігі таргетке, жарнамаға, түсірілімге және танымал тұлғаларға төленетіні ашық көрсетілмеуінде екенін айтты.
“Негізгі сұрақ – мешітке көмектесуде емес. Сұрақ – жиналған ақшаның қаншасы жарнама мен қаламақыға кетіп жатыр?”– деді қолданушы.
Дегенмен желіде қарсы пікір айтқандар да болды. Олар ешкімнің садақа беруге мәжбүрлемейтінін, әр адамның шешімді өзі қабылдайтынын алға тартты. Сондай-ақ мұндай сыннан гөрі елдегі өзге маңызды мәселелерді көтеру керек деп есептейтіндер бар.
“Ешкім сізді ақша аударуға мәжбүрлеп жатқан жоқ. Әркімнің өз ақылы бар, қалай әрекет ететінін өзі шешеді”, – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.
Кейбір оқырмандар садақаға шақыратын жекелеген сөздердің қисынсыз екенін де атап өтті. Мәселен, қолында бар болғаны мың теңгесі бар адамға оның жартысын беруді айту алдымен адамның өз жағдайын ескеру керек деген қағидаға қайшы деп санайды.
“Қолыңда мың теңге болса, 500 теңгесін садақаға бер” дегенді естідім. Өзі мұқтаж адамның бар ақшасының жартысын сұрау қаншалықты дұрыс?” – деп сауал тастады қолданушы.
Сондай-ақ “қазір жайлы диванда жатсың, қабірде де солай жатқың келе ме?” деген сөздер де көпшіліктің түсінбеушілігін тудырған.
“Қабірді жайлы өмірмен салыстырып, адамды қорқытудың мәнін түсінбедім. Қайырымдылық шынайы ниетпен жасалуы керек, үрей арқылы емес”, – деп түйіндеді желі қолданушысы.
ҚМДБ не дейді?
Осыған байланысты Stan.kz тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сауал жолдап, ресми өкілдің пікірін білді.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Діни білім және кадр дайындау бөлімін басқаратын Хасан Аманқұлов әлеуметтік желілерде мешіт пен медресе атын пайдаланып қаражат жинайтын парақшалардың көпшілігі мүфтиятқа қарамайтынын айтты. Оның сөзінше, діни басқарма мұндай бастамаларға үндеу тастамайды әрі оларды қолдамайды.
“Желіде ақша жинаумен айналысатындар – көбінесе мүфтиятқа еш қатысы жоқ, оған бағынбайтын жеке қорлар мен тұлғалар. Басқарма әлеуметтік желі арқылы халықтан ақша жинап, медресе салу туралы ешқандай үндеу жасамайды, тіпті мұндай әрекеттерді құптамайды”, – деді Хасан Аманқұлов.
Бөлім меңгерушісі садақа немесе қайырымдылық жасауға ниетті азаматтар ақша аудармас бұрын жинақ ұйымдастырып отырған қор не тұлға туралы мәліметті мұқият тексеруі керегін ескертті. Әсіресе ұйымның ресми тіркелген-тіркелмегеніне, байланыс деректеріне және бұған дейінгі қаражат бойынша есеп беруіне назар аударған жөн. Өйткені алаяқтардың халықтың діни сенімін өз мақсатына пайдалануы да жоқ емес.
“Күмәнді қорлардың артында белгілі бір топтардың жеке мүддесі тұруы ықтимал. Сондықтан, садақаның дұрыс жерге жетуі үшін оны беймәлім шоттарға аудармағаныңыз жөн. Көмекті ең алдымен өзіңіз жақсы танитын мұқтаж жақындарыңызға немесе өз аймағыңыздағы ресми мешіттерге бергеніңіз әлдеқайда сенімді әрі сауапты”, – дейді бөлім меңгерушісі.
Хасан Аманқұлов ресми мешіттер мен медреселердің қызметі заң талаптарына сәйкес жүргізілетінін де атап өтті. Мұндай діни ұйымдардың арнайы есепшоттары бар. Сол себепті қайырымдылық қаражатын жеке адамдардың белгісіз карталарына емес, ресми реквизиттер арқылы аударған қауіпсіз.
ҚМДБ өкілі әлеуметтік желіде мешіттер мен медреселердің құрылысына байланысты қалыптасқан пікірлерге де жауап берді. Оның айтуынша, мұндай нысандардың құрылысы интернеттегі тұрақты ақша жинауға негізделмейді.
“Мешіттер мен медреселердің құрылысы әлеуметтік желіде қайыр тілеу арқылы жүрмейді. Бұл нысандар ел ішіндегі ауқатты азаматтардың тікелей демеушілігімен немесе жергілікті тұрғындардың асарлатуымен бой көтереді. Себебі мешіт салуға ниет еткен жан алдын ала құрылыстың барлық шығынын толық өзі көтеруге уағдаласып, жауапкершілікті өз мойнына алады”, – дейді Хасан Аманқұлов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Ұлттық құрылтайда өңірлерде мешіт салуға қолдау білдірген кәсіпкерлердің ниетін оң бағалай отырып, қазіргі кезеңде мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай және спорт нысандары сияқты әлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция салудың қоғам үшін әлдеқайда маңызды екенін атап өткен еді.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты