Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ер адам "көңіл күйі болмағандықтан" қызды ұрып кетіп қалған

жігіт қыз ұрды
Фото: threads.com/@altynkhanova01

Алматы тұрғыны көшеде өзіне бейтаныс жігіттің шабуыл жасап, ұрып кеткенін айтты. Қала полиция департаменті болған жағдайға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Altynkhanova01 деген қолданушы желідегі парақшасында жазбасына қолдау көрсетуін сұрады. Айтуынша, бейтаныс жігіт оны ұрып, қашып кеткен.

"Алматы қаласы, Сәтбаев көшесі, 22-үй маңында, CU-дың жанынан өтіп бара жатқанмын. Мына жігіт мені қатты ұрып, қашып кетті. Мұны бір әйел көріп, арыз жазу керегін айтты. Мұны көрген жігіт қайта келіп "Көңіл-күйім болмады, ашуымды біреуден алуым керек болды” деген. Содан кейін артымнан қалмай еріп жүріп, суретін өшіруімді сұрады. Егер өшірсем, ақша беретінін айтты. Жылап, аялдамаға қарай кеттім, өйткені ол менің артымнан ере берді”, – деп жазды ол.

Аялдамада әйел қыздан “көмек керек пе” деп сұраған. Болған жағдайды баяндаған соң ол полиция шақыруды ұсынған. Алайда әлгі жігіт қашып кеткен. 

Бұл жазбаға Алматы қаласы полиция департаменті пікір білдірді.

"Аталған дерек Бостандық аудандық полиция басқармасында тіркелді. Қазір полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтауға және болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр", – деп жауап берді полиция департаменті.

Бұған дейін Абай облысында 13 шілдеде қаза тапқан Дильназ Жұмағұлованың анасы қазақстандықтарға үндеу жасап, жалғыз қызының қазасы туралы айтқан еді. 20 жастағы қыздың денесі таңертең Бородулиха ауылындағы үйлердің бірінің маңынан табылған. Анасының айтуынша, Дильназдың денесінде көптеген пышақ жарақаты мен ауыр жарақаттар болған. Ол алған жарақаттарының салдарынан көз жұмған.

"Ана ретінде күн сайын жанымды қинаған бұл қайғыны сөзбен жеткізу қиын. Ол небәрі 20 жаста еді, бүкіл ғұмыры әлі алдында еді. Ол менің жалғыз қызым, үмітім әрі тірегім еді", – дейді марқұмның анасы.

Дильназдың анасы істің әділ тергеліп, кінәлі адамның жауапкершілікке тартылуын сұрайды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 08:30