Ер адам екінші әйелін өлтіру үшін 10 мың долларға киллер жалдаған

Ташкент облысының 41 жастағы тұрғыны діни некеде тұрған әйелін өлтіру үшін киллер жалдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақпаратқа сәйкес, 41 жастағы ер адамның екі әйелі болған. Ер адамның айтуынша, ол екінші әйелін қамтамасыз етіп келген, алайда оған “үнемі аздық еткен”. Ал жарты жыл бұрын бірінші әйелі оның екінші әйелі бар екенін біліп қойған. Содан кейін ол күйеуіне опасыздығын тоқтатпаса, балаларымен бірге төртінші қабаттан секіретінін айтып қорқытқан.
Ақырында ол әйелді “қорқытуды немесе өлтіруді” шешіп, киллерге жүгінген.
“Мұны есту маған өте ауыр болды. Не істеу керегін ойлана бастадым. Сол кезде әйелімді өлтіруге келісетін адам таптым. Ол маған “пышақтап өлтірейін бе, әлде тұншықтырайын ба?” деп сұрады. Мен тұншықтыру керек екенін айттым”, – дейді ер адам.
Тергеу мәліметінше, ол бір ер адаммен кісі өлтіру туралы келісіп, уәде етілген 10 мың доллардың 2 мың долларын алдын ала берген. Қалған соманы істі сәтті аяқтағаннан кейін төлеуге уәде еткен. Ер адам орындаушыға әйелдің тұратын жері, күн тәртібі және көлігі туралы толық ақпарат берген.
Құқық қорғау органдары жалдамалы киллердің кім екенін анықтаған. Кейін ол полицейлермен ынтымақтастық жасауға келіскен. Қылмыстың алдын алу үшін қылмыстық іздестіру қызметкерлері арнайы операция жүргізіп, әйел өлтірілілгендей етіп көрсеткен.
20 сәуірде жедел іс-шара барысында киллер тапсырыс берушіге қылмыс “орындалғанын” хабарлаған.
Тапсырыс беруші 8 мың доллар (шамамен 4.2 миллион теңге) мен жәбірленушіге тиесілі көлікті беріп жатқан сәтте ұсталды.
“Бұл әйелдің өмірін сақтап қалған қызметкерлерге алғыс айтқым келеді. Егер ол қайтыс болғанда, әрі қарай қалай өмір сүрерімді білмеймін. Бұл ой әлі күнге дейін жанымды қинайды. Мен қалайша мұндайға бардым? Ешқашан екінші әйел алмаңыздар, бір ғана жармен өмір сүріңіздер”, – дейді ер адам.
Дерек бойынша қасақана кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды, тергеу жүріп жатыр.
Оқыңыз