Сыйақыға Таиландтан бөтеннің чемоданын әкелген бойжеткен 16 жылға сотталды

Таиландтан Қазақстанға 8,8 келі каннабис сығындысын алып өтпек болған 22 жастағы қазақстандық бойжеткен 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын заңсыз тасымалдау және контрабанда жасау бойынша кінәлі деп таныды.
Сот мәліметінше, бойжеткен ақшалай сыйақы үшін жалпы салмағы 8,8 келі каннабис сығындысы салынған екі чемоданды Бангкоктен Алматыға жеткізуге келіскен. Алайда ол Алматы халықаралық әуежайына қонған сәтте құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан ұсталды.
Прокуратура әлеуметтік желілерде таралатын "оңай табыс" немесе тегін саяхат туралы ұсыныстардың артында халықаралық есірткі тасымалы схемалары тұруы мүмкін екенін ескертті. Ведомство мұндай қылмыстарға қандай рөлде болса да қатысу қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Еске салайық, 2015 жылдың маусым айында Гуандун соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі контрабандасы үшін айыптап, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. 2021 жылы Қытай тарабы Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстан Республикасына экстрадициялаудан бас тартты.
Алматыда каннибалдар жеті әйелді өлтіріп, олардың етінен тұшпара жасаған
Оқыңыз