Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжанов рақымшылықпен бостандыққа шығады

Байжанов-Жоғарғы сот
Фото: Жоғарғы сот

Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты сотталған Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжанов 22 шілде күні рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шығады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл ақпаратты оның адвокаты Ғазиз Ынтықбаев растады.

"Бүгін сот отырысы өтіп, сот Бақытжан Байжановқа рақымшылық жасау туралы актіні қолдану жөнінде шешім шығарды. Оны дереу босатуға қаулы етті. Оның жазасының өтелмеген мерзімі үш айдан сәл ғана асатын. Бүгін Бақытжан отбасына оралады", – деді адвокат.

Еске салайық, Астанадағы Bau мейрамханасында әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаев 2024 жылғы 13 мамырда 24 жылға сотталды. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасрыру бабы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

2024 жылғы қыркүйекте Байжанов үкімді қайта қарау туралы кассациялық өтініш берген, алайда кейін оны кері қайтарып алған. Адвокаты бұл шешімнің себебін нақтыламағанымен, оның кез келген уақытта қайта жүгінуге құқығы бар екенін айтқан.

Былтыр шілдеде Байжанов Степногорск аудандық сотына өтініш жолдап, рақымшылық жасау туралы заң аясында мерзімін қысқартуды сұраған. Бұған дейін Байжановтың адвокаты рақымшылық жасалса, оның қорғауындағы азаматтың мерзімі шамамен сегіз айға қысқартылуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Сот амнистия туралы өтінішті қанағаттандырып, Байжановтың жаза мерзімін 8 ай 8 күнге қысқартты. Ол кезде ол 1 жыл 11 ай жазасын өтеп үлгерген еді. Осылайша, Байжанов 2026 жылғы қарашада бостандыққа шығуы керек болған.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2026 14:51