"Мөлшері сыранікіне жетеді": Жастар көп ішетін қымыздың құрамында спирт бар ма
Қымыздың орны бөлек. Дегенмен соңғы уақытта дәстүрлі сусын жастар арасында да танымал бола түсті. Оны достармен кездескенде ішетіндер, кештерге апаратындар бар. Кейбірі тіпті қымызды алкогольсіз сусынның баламасы деп қабылдайды. Алайда оның әсері алкогольсіз сусындардікіндей болмауы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қымызды қазір ауылдан арнайы іздеудің қажеті жоқ. Ол супермаркет сөрелерінде де бар, жастардың бас қосуларында да жиі кездеседі. Бір бөтелкесі шамамен 2200 теңге тұрады. Көпшілік оны "ұлттық сусын ғой" деп, алкоголь секілді қабылдамайды.
“Қазір өздеріңіз көріп тұрсыздар, алкотестер бір стакан қымыз ішкен соң 2,45 промилле көрсетті. Бұл ішкен қымыздың құрамында этил спирті бар екенін білдіреді. Әсіресе жүргізушілер үшін бұл өте қауіпті”, – деді дәрігер-нарколог Қорлан Елеуов.
Мамандардың айтуынша, кей жағдайда жүргізушілер ағзасынан табылған алкогольді қымыз ішкенімен түсіндіруге тырысады. Яғни құрамында спирті бар басқа сусын ішпегенін алға тартады.
“Кейде адам "тек қымыз іштім" дейді. Біз қайта сараптама жасауды ұсынамыз. Адам қан тапсырады. Нәтижесінде қан құрамынан бір жарым немесе екі промиллеге дейін алкоголь анықталуы мүмкін”, – дейді Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының басшысы Мәди Тоқанов.
Қымыздың танымалдығы артып келеді. Бірақ оның адамға масайтатындай әсер беруі де мүмкін. Өндірушілердің айтуынша, кей жастар қымызды тек дәмі немесе сәнге айналғаны үшін емес, ішкеннен кейінгі әсері үшін де таңдайды.
“Кейбір адамдар өздерін алдайды. "Мен тек қымыз ішемін" дейді де, оны күн сайын ішеді. Бұл – өзін-өзі алдау. Нәтижесі басқаша болуы мүмкін. Құрамындағы спирт мөлшері сырадағы деңгейге дейін жетуі ықтимал”, – деп түсіндірді қымыз өндіруші Ержан Телманұлы.
Қымыздағы спирттің болуы таңсық нәрсе емес. Ол сусынның ашуы кезінде табиғи жолмен түзіледі. Мәселе – оның мөлшері әр қымызда әртүрлі болуы мүмкін екенінде. Ал тұтынушы өз ішіп отырған сусында қанша спирт барын біле бермейді.