Жүктілігін білмеген әйел жедел жәрдем көлігінде босанып қалды

АҚШ тұрғыны Алиша Макдугалл өзінің жүкті екенін білмей жүріп, жедел жәрдем көлігінде мерзімінен бұрын босанған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ABC News-ке сілеме жасап хабарлайды.
33 жастағы әйел полиэндокринді метаболикалық аналық без синдромына байланысты арықтауға арналған дәрілер қабылдап жүрген. Мұндай дерт кезінде етеккір циклі бұзылып, бала көтеру қиындауы және артық салмақ мәселесі туындауы мүмкін.
Дәрі қабылдап жүрген кезде Алишаның жүрегі айнып, әлсіздік пен жалпы жайсыздық мазалаған. Алайда ол мұның бәрін дәрінің жанама әсері деп ойлаған.
Қаңтар айында әйел жеңіл жол апатына ұшырайды. Алғашында өзін қалыпты сезінгенімен, келесі күні іші қатты ауырып, қан кете бастаған. Күйеу жігіті дереу жедел жәрдем шақырған.
Ауруханаға бара жатқан жолда Алиша күтпеген жерден босанып қалады. Нәресте жүктіліктің шамамен 22–23 аптасында дүниеге келген. Оның салмағы небәрі 450 грамм болған.
Жас әкенің айтуынша, ол алғашында болған жағдайға сенбеген. Себебі Алишаның іші байқалмаған, ал бұған дейін жасаған жүктілік тестерінің барлығы теріс нәтиже көрсеткен.
Дәрігерлер сәбидің жағдайына қатысты көңіл көншітпейтін болжам айтқанымен, Джулиан есімді сәби аман қалды. Ол ауруханада 154 күн жатып, өкпесі, көзі, бүйрек үсті бездері мен қан қысымын қалыпқа келтіруге бағытталған бірнеше ем қабылдаған.
Уақыт өте келе нәрестенің жағдайы жақсарып, салмағы да біртіндеп артқан.
“Мен ана атанамын деп ешқашан ойламадым. Джулиан – қандай қиындық болса да, бәрін жеңуге болатынының дәлелі. Ол – нағыз ғажайып сәби”, – дейді Алиша Макдугалл.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты
Оқыңыз