Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төрт баланың болашағын ойладым": Жігер Ауыпбаев бұрынғы отбасы жайлы ашық айтты

Жігер Ауыпбаев пен Мумина
Фото: Instagram.com/jiger_auypbaev_official

Жақында екінші рет шаңырақ көтерген әнші Жігер Ауыпбаев алғашқы отбасы, бұрынғы жұбайы және төрт баласы туралы алғаш рет кеңірек әңгімеледі. Ол мұны “Уақыт көрсетеді” YouTube арнасына берген сұхбатында айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің айтуынша, алғашқы некесі кезінде отбасылық өмірін көпшілікке жария етпеуге тырысқан. Себебі бұрынғы жары көпшілік назарында болғанды қаламаған. Алайда уақыт өте келе араларында түсініспеушіліктер көбейіп, екеуі де некені сақтап қалу мүмкін емес деген тоқтамға келген.

“Заңды түрде ажырастық. Ажырасқанымызға төрт жыл болды. Арамызда төрт бала бар. Балаларымның анасы өте жақсы жан. Қазір балалардың тәрбиесімен айналысып отыр. Бір-бірімізбен сөйлесіп, хабарласып тұрамыз”, – деді әнші.

Жігер Ауыпбаев ажырасқаннан кейін бірден жаңа отбасы құрмағанын айтты. Оның сөзінше, шамамен үш жарым жыл бойы бұрынғы жұбайымен қайта қосылуға үміттеніп, отбасын сақтап қалуға әрекет жасаған.

Әнші сол кезде ең алдымен төрт баласының толыққанды отбасында өскенін қалағанын жеткізді. Ол бұрынғы жұбайымен кездесіп, екеуі ашық сөйлескенін, бір-бірінен кешірім сұрағанын айтты. Тіпті бұрынғы жары балаларымен бірге қайтадан үйге оралған.

“Балалар қатты қуанды. Үйде мәз болып жүгіріп жүрді. Бірақ ол кісі бір аптаға жетпей қайта кетіп қалды. Сол кезде тағдырымыздың қайта қосылуға жазылмағанын түсіндім”, – деді ол.

Сұхбат барысында әнші сол кезеңде үйінен түрлі күмәнді заттар табылғанын да айтты. Оның сөзінше, төсегінің жанынан инелер, себілген тұз, перделерге жасырылған күйдірілген инелер мен паласқа шашылған топырақ шыққан. Ол мұны өзін көре алмаған адамдардың әрекеті болуы мүмкін деп болжайтынын жеткізді.

Соған қарамастан Жігер Ауыпбаев бүгінде бұрынғы жұбайына өкпесі жоқ екенін, арадағы сыйластық сақталғанын және бар күш-жігері төрт баласының амандығы мен болашағына бағытталғанын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Жігер Ауыпбаев өзінен 15 жас кіші сүйіктісі жайлы айтқаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2026 18:50