Астана мен Жезқазғандағы әрқайсысының құны 15 млн теңге болатын жылы аялдамалар орнатылмақ

Әлеуметтік желіде Астанада орнатылуы жоспарланған жаңа аялдамалардың құны қызу талқыланып жатыр. Protenge арнасында елордадағы бір аялдамаға шамамен 10 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылып жатқанын айтады. Осыған байланысты Stan.kz әкімдіктен неліктен мұнша сома жұмсалып жатқанын сұрап білді.
Астанада жаңа аялдамалар орнату Жезқазғандағыдан әлдеқайда арзанға түсуі мүмкін. Елордада бес аялдама кешенін салуға 51,7 миллион теңге қарастырылса, Жезқазғанда бір ғана аялдаманың құны 15,5 миллион теңгеге дейін жетіп отыр.
Астана қаласының Алматы ауданында бес жаңа аялдама кешенін орнатуға конкурс жарияланды. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, бір аялдаманың орташа құны шамамен 10,3 миллион теңге болатынын көрсетеді.
Редакция әкімдіктің техникалық тапсырмасымен танысты. Құжатқа сәйкес, аялдамалар модульдік үлгіде болуға тиіс. Жобада жолаушыларға арналған ашық және жабық аймақтар қарастырылған. Сондай-ақ нысандардың -45°C-тық аяз бен +45°C-тық аптапқа төтеп беруі талап етіледі.
Осылайша, ашық деректерге сенсек, елордадағы модульдік аялдамалардың құны Жезқазғандағы ұқсас нысандардан айтарлықтай төмен болып отыр. Екі қаладағы жобалардың сипаты ұқсас. Модульдік конструкция, жабық және ашық бөліктер, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау міндеті қойылған. Бірақ баға айырмашылығы айтарлықтай.
бағасы тым жоғары екенін айтса, енді бірі құнның қалыптасуына логистика мен өңірлік ерекшеліктер әсер етуі мүмкін деген пікір білдірді. Кейбір оқырмандардың пікірінше, мұндай аялдамаларды дайындауға қымбат немесе ерекше материалдар қолданылмайды, сондықтан олардың құны бірнеше миллион теңгеден аспауы керек. Олар металл конструкциялар мен шыны элементтерді жергілікті жерде өндіруге болатынын алға тартқан.
Ал басқа қолданушылар бағаның жоғары болуын Жезқазғанның логистикалық тұрғыдан шалғай орналасуымен, бәсекелестіктің төмендігімен және құрылыс материалдарын жеткізу шығындарымен байланыстырды.
Олардың пікірінше, тасымалдау мен монтаждау жұмыстары жобаның жалпы құнын едәуір арттыруы мүмкін. Сонымен қатар пікірталасқа қатысушылардың бір бөлігі нақты сметалық есептер жарияланбайынша аялдамалардың шынайы құны туралы қорытынды жасау қиын екенін атап өтті.
Астанадағы аялдамалардың Жезқазғандағыдан неліктен арзанырақ болып тұрғанын елорда әкімдігінен сұрады. Әкімдіктің мәліметінше, қалада орнатылатын жылы аялдамалар заманауи талаптар мен қолданыстағы техникалық нормаларға сәйкес дайындалады.
"Аялдама кешендері металл конструкциялардан, шыны жабындардан және климаттық жағдайларға төзімді материалдардан құралады. Олар жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында орындықтармен, жарықтандыру шамдарымен, жылыту және кондиционерлеу жүйелерімен, қоқыс жәшіктерімен, сондай-ақ ақпараттық тақтайшалармен жабдықталады. Бір аялдама кешенінің құнына оны дайындау, жеткізу, монтаждау, жер жұмыстары, электр желілерін тарту және қосу, сондай-ақ аялдама аумағын абаттандыру жұмыстары кіреді", – деп жауап берді Астана әкімдігі.
Ведомствоның мәліметінше, баға құрылыс материалдары мен жабдықтардың нарықтық құнына, олардың сапасына, жеткізу және монтаждау шығындарына, арнайы техника мен еңбек ресурстарына, инженерлік желілерге қосылу және логистикалық шығындарға байланысты қалыптасады екен. Сондай-ақ әкімдік барлық жұмыстар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті.
Дегенмен Stan.kz Жезқазғандағы бір аялдама павильонының құны неге Астанадағы ұқсас нысандардан жоғары екенін сұраған еді. Жауап ретінде әкімдік сметалық есептің (УСН РК 8.02-03-2025) нормативі негізінде әзірленгенін және Ұлытау облысында бір жабық үлгідегі аялдама павильонының құны 15,5 миллион теңге екенін мәлімдеді.
Алайда редакцияға жолданған сметалық кестені зерттеу барысында қызық жайт анықталды. Нормативтік сметалық құжатта Астанадағы бір жабық үлгідегі аялдама павильонының құны 15,59 млн теңге, ал Ұлытау облысында 15,55 млн теңге деп көрсетілген. Яғни нормативтік есеп бойынша екі өңір арасындағы айырмашылық шамалы ғана.
Ал мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге сәйкес, Астанада бес аялдама кешенін орнатуға 51,7 млн теңге қарастырылған. Бұл бір аялдаманың құны шамамен 10,3 млн теңге екенін көрсетеді. Сондықтан нақты сатып алу құны мен сметалық нормативте көрсетілген бағалар арасында елеулі айырмашылық байқалады.
Осы ретте редакция Астана әкімдігіне қайта хабарласып, бағалардың сәйкессіздігін сұрады. Астана қаласының әкімдігі редакцияның сауалына берген жауабында аялдама кешендерінің құны шамамен 10-15 миллион теңге аралығында қалыптасатынын мәлімдеді. Ведомствоның түсіндіруінше, жобаның түпкілікті құны қолданылатын материалдарға, жеткізу және монтаждау жұмыстарына, инженерлік желілерді тартуға, сондай-ақ еңбек ресурстары мен басқа да ілеспе шығындарға байланысты өзгеруі мүмкін.
“Конкурс қорытындысы бойынша қалыптасатын баға мен сметалық құн арасында айырмашылық туындаған жағдайда, ол мердігердің еңбек шығындарына, жұмыс көлеміне және жобаны іске асыру барысында орындалатын қосымша жұмыстарға байланысты болуы ықтимал”, – деп жауап берді Астана әкімдігі.
Астана мен Жезқазғандағы әрқайсысының құны 15 млн теңге болатын жылы аялдамалар орнатылмақ