"Бәйтерек" 208 миллиард теңгені өзінде қалдырмақ: Бюджет қанша кірістен қағылады
Қазақстанның ұлттық инвестициялық холдингі "Бәйтерек" 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекетке 208,3 миллиард теңге дивиденд төлеуден босатылуы мүмкін. Соның салдарынан республикалық бюджетке осы сомадағы қаражат түспейді. Бұдан бөлек, Ұлттық ғылыми онкология орталығы да мемлекетке таза табысының бір бөлігін аудармай, 1,64 миллиард теңгені өзінде қалдыруы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті тиісті бірлескен бұйрық жобасын жариялады. Республикалық бюджет комиссиясы екі ұйымды да дивиденд пен таза табыстың бір бөлігін төлеуден босатуды қолдаған.
Жоба мақұлданса, 2026 жылы республикалық бюджетке түспейтін қаражаттың жалпы көлемі шамамен 209,94 миллиард теңгені құрайды. Оның 99 пайыздан астамы “Бәйтерекке” тиесілі.
“Бәйтерек” ақшаны не үшін өзінде қалдырмақ?
Комитеттің түсіндіруінше, холдингке қаражат бұрынғы “ҚазАгро” ұлттық басқарушы холдингінің қарыздары бойынша міндеттемелерін орындау үшін қажет. “Бәйтерек” – “ҚазАгроның” құқықтық мұрагері. Атап айтқанда, холдинг қарыздар бойынша купондық сыйақыны төлеуі және негізгі борышты өтеуі керек. Сондықтан мемлекетке аударылуы тиіс дивидендтерді өзінде қалдыру оған қажетті өтімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба бойынша “Бәйтерек” 2025 жылдың қорытындысындағы дивидендтерден босатылса, республикалық бюджет 208 295 000 000 теңге кірістен қағылады.
Онкология орталығы да қаражатты өзінде қалдырады
Бұдан бөлек, Ұлттық ғылыми онкология орталығын да 2025 жылғы таза табысының мемлекетке тиесілі бөлігін аударудан босату ұсынылған.
Бұл шешімнің мақсаты – дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың азаймайтын қорын қалыптастыру. Орталық өзінде қалатын 1 639 000 000 теңгені осы мақсатқа пайдалана алады.
Осылайша, екі ұйымға қатысты шешім қабылданса, республикалық бюджет шамамен 209,94 миллиард теңге кірістен қағылады. Оның басым бөлігі “Бәйтерек” холдингіне тиесілі. Әзірге бұл – бірлескен бұйрық жобасы. Республикалық бюджет комиссиясы оны қолдағанымен, ұйымдарды дивиденд төлеуден босату туралы түпкілікті шешім әлі қабылдануы керек.
Айта кетейік, бұған дейін “ҚазАгроҚаржы” фермерлерге техника алуға қалай көмектесетіні белгілі болды.
