"ҚазАгроҚаржы" фермерлерге техника алуға қалай көмектеседі

Егінді уақытында егіп, өнімді шығынсыз жинау үшін фермерге жақсы техника керек. Бірақ жаңа трактор мен комбайнның құнын бәрінің қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне, одан басқа да көп шығыны бар. Осындай жағдайда "Бәйтерек" холдингінің құрамындағы "ҚазАгроҚаржы" компаниясы фермерлерге техниканы лизинг арқылы алып, ақысын бірнеше жылға бөліп төлеуге мүмкіндік береді.
21 және 23 қазан аралығында Астанада өткен ҚазАгроФарм көрмесінде де ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жаңа техника мен технологиялар таныстырылды. 25 елдің өндірушісі қатысқан көрмеде фермерлер түрлі техниканы көріп, өз шаруашылығына қолайлы нұсқаларды таңдай алды.
"ҚазАгроҚаржы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаевтың айтуынша, мұндай көрмелер фермерлер мен өндірушілерге тікелей кездесіп, пікір алмасуға мүмкіндік береді. Шаруалар жаңа техниканың мүмкіндіктері туралы өндірушілерден толық қажет ақпарат ала алады.

"5-6 жыл бұрын ауыл шаруашылығы техникаларын таңдау мүмкіндігі шектеулі болатын. Ол кезде нарықта 3-6 түрлі нұсқа ғана бар еді. Ал қазір шетелдік, ресейлік, қытайлық және еуропалық өндірушілердің техникасы көп. Сонымен қатар шетелдік өндірушілер де біздің компания өкілдерімен кездесіп, Қазақстан нарығына шығу, өз техникаларын сату жолдары мен қойылатын талаптар туралы ақпарат алып, кәсіби кеңес ала алады", – дейді Еркебұлан Жұмжаев.
Техниканы таңдау бір бөлек, сатып алу бір бөлек
Бірақ техниканы таңдау бір бөлек, оны сатып алу бір бөлек. Қымбат трактор не комбайн алса, шаруаның тұқымға, жанармайға және жұмысшылардың жалақысына жұмсайтын ақшасы азаюы мүмкін.
Сондықтан "ҚазАгроҚаржының" фермерлерге ұсынатын агролизингі тиімді шешім бола алады. Оның басты артықшылығының бірі – жеңілдетілген мөлшерлемелер мен әртүрлі төлем мерзімін қамтитын арнайы бағдарламалар. Оның үстіне, қосымша кепіл талап етілмейді. Ал кейбір бағдарлама бойынша бастапқы жарнаны төлеу мерзімін кейінге қалдыруға болады. Бұл фермердің бастапқы қаржы жүктемесін азайтып, техника алуға мүмкіндік береді.
"Қаржыландыру шарттары таңдалған бағдарламаға байланысты. Компанияның кейбір жеңілдетілген бағдарламасының жылдық мөлшерлемесі 5%-дан, ал бастапқы жарнасы 10%-дан басталады. Төлеу мерзімі – 7 жылға дейін. Ал тағы бір бағдарламада бастапқы жарнаны кейінірек төлеуге де болады. Біздің міндетіміз – фермерлерге техниканы уақытында жаңартып, жұмыс тиімділігін арттыруға және шаруашылығын жүйелі дамытуға көмектесетін қолжетімді қаржылық құралдар ұсыну", – дейді Еркебұлан Жұмжаев.

170 миллион теңгелік комбайнды қалай алуға болады?
Лизингтің шаруаларға қалай көмектесетінін "Жаннұр" шаруа қожалығының басшысы Қуанышбек Мұстафиннің мысалынан көруге болады. Оның айтуынша, заманауи комбайндардың мүмкіндігі жоғары: орағы кең, астық жинайтын бункері де үлкен. Мұндай техниканың арқасында егінді тез жинап, жұмысты тиімді жүргізуге болады. Бірақ бағасы да арзан емес. Қуанышбек Мұстафин айтқан комбайн шамамен 170 миллион теңге тұрады. Ол осы комбайнды "ҚазАгроҚаржы" компаниясының агролизингі арқылы ала алған.

"ҚазАгроҚаржы" арқылы жеті жылға бөліп, сатып алдым. Орта есеппен жылына шамамен 25-30 миллион теңге төлеймін", – дейді Қуанышбек Мұстафин.
Комбайн жыл бойы үздіксіз қолданылмайды, негізгі жұмыс егін жинау маусымында атқарылады. Сондықтан техниканы лизингке алу фермерге оның құнын бірден толық төлемей, шаруашылықтың басқа қажетіне де қаражат қалдыруға мүмкіндік береді.
"Қазір фермерлерге тек ескі техниканы жаңарту жеткіліксіз. Олар егіс жұмыстарын уақытында аяқтап, өнімді тез жинап, техника мен басқа да ресурстарды тиімді пайдалануға тырысады. Сондықтан техника сатып алғанда оның сапасы мен сенімділігі ғана емес, бағасы, қаржыландыру мүмкіндігі, қосалқы бөлшектердің қолжетімділігі және жөндеу қызметі де маңызды. Қаржыландыру бағдарламалары фермерлердің осы қажеттіліктерін ескереді", – дейді Еркебұлан Жұмжаев.
Суару жүйелері мен агродрондар да бар
Ауыл шаруашылығында тракторлар мен комбайндардан бөлек, жаңбырлатқыш қондырғылар мен агродрондар да маңызды рөл атқарады. Әсіресе жаңбырлатқыш қондырғылар құрғақшылық жиі болатын аймақтарға қажет. Олар егістікті суаруға көмектесіп, жауын-шашынға тәуелділікті азайтады. Дегенмен мұндай жүйені орнату үшін жақын жерде су көзі болуы керек.
"ҚазАгроҚаржы" жаңбырлатқыш машиналарды да лизинг арқылы алуға мүмкіндік береді. Ал агродрондарды қаржыландыру бағдарламасы екі жыл бұрын іске қосылған.
Еркебұлан Жұмжаевтың айтуынша, агродрондарды қаржыландыруға 18 өтінім түсіп, оның екеуі мақұлданған. Дрондар егістіктің жағдайын бақылауға, өсімдіктердегі ауру белгілерін анықтауға және арнайы жабдықталған түрлері арқылы егістікке препарат шашуға қолданылады.
Мұндай технологиялар шаруаларға егістіктің жағдайын дер кезінде байқап, қажет жұмыстарды уақытында жүргізуге көмектеседі.

Құжаттарды онлайн тапсыра алады
Егін еккенде және жинағанда фермерлердің кеңсеге барып, құжат рәсімдеуге уақыты бола бермейді. Сондықтан "ҚазАгроҚаржы" лизингке өтінім беруді жеңілдету үшін онлайн қызмет ұсынады.
Фермер өтінімді интернет арқылы жіберіп, қажет құжаттарды тіркей алады. Келісімшартқа да электрон цифрлық қолтаңба арқылы қол қоюға болады. Автоматтандырылған жүйе өтінім бойынша шешімді 5–10 минут ішінде қабылдай алады. Ал техниканы жеткізу мерзімі оның жеткізушіде бар-жоғына және логистикаға байланысты.

"Bio Nord" ЖШС басшысы Байбосын Сәбилов те техниканы "ҚазАгроҚаржы" арқылы алудың ыңғайлы тұстарын атап өтті.
"Біз барлық техникамызды "ҚазАгроҚаржы" арқылы алып отырмыз. Оның ең басты артықшылықтарының бірі – қосымша кепіл талап етілмейді. Яғни, сатып алынған техниканың өзі кепіл ретінде беріледі. Биылдан бастап онлайн өтінім беру мүмкіндігін де пайдаланып жүрміз. Уақытты үнемдейсіз, кеңсеге барып, кезек күтудің қажеті жоқ", – дейді Байбосын Сәбилов.
Компания өңірлердегі фермерлермен тікелей жұмыс істейді. Мамандар шаруалардың қандай техника қажет екенін анықтап, оны сатып алуға арналған бағдарламалар туралы түсіндіреді.
Фермерлерге қолайлы жағдай жасау керек
"ҚазАгроФарм" көрмесі ауыл шаруашылығы техникасының жылдан-жылға жаңарып, фермерлерге жаңа мүмкіндіктер ұсынып отырғанын көрсетеді. Алайда техниканы таңдау – істің басы ғана. Ең маңыздысы – оны тиімді шарттармен сатып алып, уақытында жеткізіп, шаруашылықта ұтымды пайдалану.
"Әр техниканың артында адамдар тұр. Олар – фермерлер, механизаторлар және олардың отбасылары. Сондықтан ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқатын арттыру да біз үшін маңызды", – дейді Еркебұлан Жұмжаев.
"ҚазАгроҚаржының" басты міндеті – лизинг бағдарламалары арқылы фермерлерге заманауи техника алуға мүмкіндік беру, олардың өндірістік әлеуеті мен бәсекеге қабілетін арттыру. Өйткені заманауи техника егіс пен орақ науқанын уақытында өткізуге, өнім шығынын азайтуға және еңбек өнімділігін арттыруға көмектеседі. Ал бұл ішкі нарықты отандық өніммен тұрақты қамтамасыз етуге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Қазақстандық ер адам әлеуметтік желідегі пікірі үшін қамауға алынды: Жұбайы аккаунт жалған екенін айтып отыр