Қазақстандықтарды Украинадағы call-орталықтар арқылы есірткі бизнесіне тартқан

Еліміздің Ішкі істер министрлігі Украина Ұлттық полициясымен бірлесіп, екі елдің Бас прокуратураларының өзара іс-қимылы нәтижесінде трансұлттық қылмыстық топтарға тиесілі call-орталықтардың ұйымдастырушылары мен қатысушыларының қызметін анықтап, жолын кесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
28 мамырда Украинадағы Киев қаласында синтетикалық есірткі өндіру және оны Еуропа мен ТМД елдері аумағында таратуға қатысы бар трансұлттық қылмыстық ұйымдардың біріне бағынышты call-орталықтар жабылды.
Бұл call-орталықтар заңсыз есірткі айналымына байланысты қылмыстық әрекетке азаматтарды тарту үшін пайдаланылған.
Ұйымдастырушылардың нұсқауы бойынша операторлар мен менеджерлер Қазақстан аумағында есірткіні таратушылар мен ораушылар ретінде жұмыс істеуге адамдарды іздеп, іріктеп, тартумен айналысқан.
“Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 11 адам ұсталды. Қылмыстық схеманың әрбір қатысушысының рөлі анықталды, оның ішінде ұйымдастырушылар, аға операторлар және әлеуетті орындаушыларды тікелей тартумен айналысқан кеңсе қызметкерлері бар”, – деп хабарлады ІІМ Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Абдикенов.
Тінту жұмыстары 9 мекенжай бойынша жүргізілді. Нәтижесінде шамамен 40 мың доллар мен 10 мың еуро көлеміндегі қаражат, Range Rover автокөлігі, 18 ұялы телефон, 12 ноутбук пен планшет тәркіленді.
Қазіртәркіленген компьютерлік техникадан ақпараттар алынып, талдау жұмыстары жүргізілуде, қылмыстық әрекетті ұйымдастырушылардың аккаунттары анықталуда, сондай-ақ қатар қаржылық тергеу де жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Одессада қазақстандықтар мен басқа да елдердің азаматтарын алдап келген, ұйымдасқан алаяқтық call-орталығының қызметі тоқтатылған еді. Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде интернет алаяқтықпен айналысып келген.
Қазақстанда ипотека не себепті қымбат: Нарықтағы әділ баға қандай болуы керек