Одессада қазақстандықтарды алдап келген call-орталық жабылды

Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Украина Ұлттық полициясы бірлесіп Одессада қазақстандықтар мен басқа да елдердің азаматтарын алдап келген, ұйымдасқан алаяқтық call-орталығының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде интернет-алаяқтықпен айналысып келген.
“Алдын ала мәлімет бойынша, 120-дан астам адам алаяқтардың құрбаны болған. Ал жалпы материалдық шығын 85 миллион теңгеден асқан”, – деді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Алаяқтар өздерін банк қызметкерлері, байланыс операторлары, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері ретінде таныстырып, азаматтарды қауіпті қосымшаларды орнатуға көндірген.
Смартфондарға қол жеткізгеннен кейін олар жәбірленушілердің ақша қаражатын және жеке деректерін ұрлап отырған.
Халықаралық операция аясында сегіз санкцияланған тінту жүргізілді. Екі элиталық автокөлік, 26 компьютер, 49 мобильді құрылғы, сондай-ақ психологиялық ықпал етуге арналған нұсқаулық материалдар мен Қазақстанның символикасы тәркіленді.
Тоғыз Украина азаматы күдікті ретінде танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың кибералаяқтықтың басқа да эпизодтарына қатысы тексеріліп жатыр.
Қазақстан ІІМ азаматтарға банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдары ешқашан "қауіпсіз шоттарға" ақша аударуды талап етпейтінін және үшінші тарап қосымшаларын орнатуды сұрамайтынын ескертті.