Алматылықтарға шабуыл жасағаны үшін елден депортацияланған жасөспірімдердің Астанадан видеосы тарады

Алматыда адамдарға тас лақтырып, шабуыл жасаған бір топ жасөспірімдер Астанада жүрген видеосы тарады. Видео авторы қыздар елордалықтардың зәресін алып жүргенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің қоғамдық көлікте кетіп бара жатқан видеосы тарады. Оның бірі автордың видеоға түсіріп жатқанын көріп, бірден өшіруін сұрап жатты.
“Депортацияланған қыздар естеріңізде ме? Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар қазір Астанада жүр. Солар емес пе”, – деп жазды желі қолданушысы.
Видеодағы жасөспірімдерді адамдар бірден таныды.
“Дәл өздері. Сұмдық”, “Оларды қалай шекарадан шығарып жіберді? Олар Астанаға қалай барды? Көші-қон қызметі қайда қарап отыр”, “Елордалық полиция оларды қайтадан Алматыға қайтарып жіберсін”, – деп түрлі пікір қалдырды желідегілер.
Алматы қалалық полиция департаменті тараған жазбаға қатысты тексеру жүргізгенін хабарлады.
"Аталған бейнежазба бойынша тексеріс жүргізіліп, оның ескі видео екені анықталды", – деді ведомство өкілдері.
Мәліметке сәйкес, тараған бейнежазба 2024 жылы түсірілген. Сондай-ақ полиция бұған дейін бұл жасөспірімдерге қатысты сот шешімі қабылданғанын еске салды. Ведомстводағылар сот шешіміне сәйкес, аталған азаматтардың елден депортацияланғанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ аумағында бір топ жасөспірім қыздардың агрессивті әрекеті қоғамда алаңдаушылық туғызды. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда олардың тұрғындарға тиісіп, заттарын тартып алып, тас лақтырып, күш қолданғаны көрінеді. Кейбір тұрғындардың жеке заттарын тартып алғаны да айтылған.
Кейін полиция тұрғындардың мазасын алған қыздардың Тәжікстан азаматшалары екенін анықтады.
Қазақстанда ипотека не себепті қымбат: Нарықтағы әділ баға қандай болуы керек
Оқыңыз