Қазақстандық қыз Хан Шатырдағы аквапаркте сырғанаймын деп басын жырып алды

Астанадағы Хан Шатырдың Sky Beach аквапаркіне демалуға барған Адина су сырғанағынан түсу кезінде ауыр жарақат алып, басына сегіз тігіс салдырған. Оның айтуынша, оқиғадан кейін өмір бойы қалатын үлкен тыртық пайда болған. Қыз қауіпсіздік талаптарын қайта қарауды талап етіп, аквапарк әкімшілігіне ресми шағым түсірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанадағы Хан Шатыр сауда-ойын-сауық орталығында орналасқан Sky Beach аквапаркіне демалуға барған Адина ауыр жарақат алғанын айтып, әлеуметтік желіде өз оқиғасын бөлісті. Оның сөзінше, оқиға 1 маусым күні су сырғанақтарының бірінде болған.
"Хан Шатырдағы сырғанақта басымды қатты жарақаттап, бас сүйегіме дейін зақым келтірдім. Sky Beach аквапаркіне барып, құрбымның қызымен бірге су сырғанақтарына мінуге шешім қабылдадым. Сырғанамас бұрын арнайы құтқарушыдан ересектерге осы сырғанақпен түсуге бола ма деп сұрадым. Бірінші сырғанақтың алдында тұрған құтқарушы қалай дұрыс жату керек екенін егжей-тегжейлі түсіндірді. Біз еш қиындықсыз сырғанап түстік. Ал екінші сырғанаққа келгенде басқа құтқарушы ешқандай нұсқаулық берместен бізді жіберді", – дейді Адина.
Адинаның айтуынша, ол отырған күйінде сырғанап, төмен түсу кезінде басын сырғанақтың қабырғасына қатты соғып алған.
"Соққының қатты болғаны соншалық, бір сәтке айналамды бақылай алмай қалдым, тіпті соңына қалай жеткенімді де түсінбедім. Сырғанақтан шыққан сәтте басымнан қан шелектеп ақты. Ұзындығы шамамен 8 сантиметр, тереңдігі жарты сантиметр болатын үлкен жарақат алғанмын. Әрине, жараны өзім көре алмадым. Бірақ адамдардың көзқарасынан жағдайдың қаншалықты ауыр екенін аңғардым. Маған қарағандардың жүзінен үрей байқалды, ал мұны көрген балалар қорқып, жылап жіберді. Құрбыларым мені бірден медициналық пунктке апарды", – дейді Адина.
Кейін қызды жедел жәрдеммен травматология бөліміне жеткізген. Онда оған компьютерлік томография жасалып, жарасын тігіп беріпті.
"Жараны тіккен кезде жансыздандырусыз жүргізілген процедура өте ауыр болды. Терісі мен жұмсақ тіндері зақымданған жараға сегіз тігіс салынды. Сол сәттегі ауырсынуды сөзбен жеткізу қиын. Жарақатым жан төзгісіз ауыр болды, қатты жыладым. Бақытыма орай, компьютерлік томография нәтижесінде ми шайқалуы анықталған жоқ. Дегенмен жарақат өте үлкен болғандықтан, қазір басым жиі ауырады. Жараны үнемі таңып, залалсындарып тұру қажет. Алғашқы таңу кезінде жарамды көргенде, өкінішке қарай, басымның жартысын алып жатқан үлкен тыртық өмір бойы қалатынын түсіндім. Ол жерде енді шаш өспейді", – деді жәбірленуші Адина.
Сыртқы келбетіне әсер еткен жарақаттан бөлек, бұл жағдай Адинаның жұмысына да айтарлықтай ықпал еткен. Оның айтуынша, жарақаттан кейін жиі басы ауырып, тез шаршайтын болған әрі әлсіздік сезімі мазалайды. Осыған байланысты дәрігерлер оған жеңілдетілген режим сақтауға кеңес берген. Ал контент жасаумен айналысатын Адина үшін сыртқы келбет пен белсенді жұмыс кестесі кәсібінің маңызды бөлігі болғандықтан, жарақат оның еңбек қызметіне де кері әсерін тигізген.
"Қазір Хан Шатыр аквапаркіне ресми түрде жүгініп, ішкі тексеру жүргізуді сұрадым. Атап айтқанда, қауіпсіздік техникасын, құтқарушылардың жұмыс тәртібін және жабдықтардың жағдайын қайта қарап, болашақта мұндай оқиғалардың алдын алу шараларын қабылдауды талап еттім. Сонымен қатар келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы сұрадым. Өйткені бұл оқиға мен үшін ұзақ мерзімді салдары бар өте ауыр жағдай болды. Ең қорқыныштысы, менің орнымда кішкентай әрі әлсіз бала болуы да мүмкін еді", – дейді Адина.
“Мен де аяғымның саусағын сындырып алғанмын”
Оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Көпшілік Адинаға қолдау білдіріп, аквапарктегі қауіпсіздік талаптарына қатысты сұрақтар көтерді. Пікір қалдырушылардың бірі оқиғадан кейін аттракциондардың жұмысы тоқтатылмағанына таңданысын білдірді.
"Сонда осындай жағдайдан кейін сырғанақтар уақытша жабылмаған, қауіпсіздік тексерісі де жүргізілмеген бе? Ал орталық ешқандай ресми түсініктеме берместен келушілерді қабылдауды жалғастырып жатыр ма? Егер расымен солай болса, онда сұрақтар одан сайын көбейеді", – деп жазды желі қолданушысы.
Ал тағы бір оқырман болған жағдайға өкініш білдіре отырып, қауіпсіздік ережелерін сақтауда келушілердің де жауапкершілігі бар екенін атап өтті.
"Егер сізге қалай түсу керек екені түсіндірілсе, бірақ оны екінші рет қайталамаған болсаңыз, жауапкершіліктің бір бөлігі өзіңізге де жүктеледі. Денсаулық ең алдымен өзімізге керек", – деп пікір қалдырған ол.
Сонымен қатар пікір жазғандардың арасында Sky Beach кешенінде жарақат алғанын айтқан өзге келушілер де табылды.
"Өмірімде ештеңемді сындырмаған едім. Бірақ Sky Beach-тің арқасында аяқ башпайымды алғаш рет сындырып алдым", – деп жазды желі қолданушысы.
Оның айтуынша, аяғы құмға кіріп кетіп, темір шезлонгқа соғылған. Алғашында медициналық қызметкер жарақатты жай соғылу деп бағалағанымен, кейін рентген тексеруден соң сүйектің сынғаны анықталған.
Осы оқиғаға байланысты редакция тілшісі Хан Шатыр әкімшілігімен байланысып, мән-жайды анықтауға тырысты. Алайда телефон қоңырауына жауап берген өкіл қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.
"Біз ешқандай сұраққа жауап бермейміз. Жауап сол", – деді телефон тұтқасын көтерген әкімшілік өкілі.
Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Куәгерлер "сотталушы ішімдік ішті ме?" деген сұраққа жауап бере алмады