Қарағанды облысында 10 жастағы бала ойын алаңының жанында тоққа түсті

Қарағанды облысында 10 жастағы бала балалар алаңының жанында тоқ соғып, жансақтау бөліміне түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде Қарағанды облысының тұрғыны Долинка ауылында 10 жастағы інісінің жазатайым оқиғаға тап болғаны туралы жазба жариялады.
Жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, оқиға шамамен сағат 18:30-да Заводской көшесінде болған.
Туысының айтуынша, бала балалар алаңына өте жақын орналасқан 6000 вольт кернеулі электр беру желісінің металл тірегіне (бағанына) шығып кеткен. Артынша тоқ соғып, биіктіктен құлаған. Қазір бала облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
"Қазір Сережа жансақтау бөлімінде, жағдайы өте ауыр. Оның денесінде ауыр күйіктер мен құлаудан алған ауыр жарақаттар бар. Біз күн сайын дәрігерлерден хабар күтіп, оның сауығып кетуі үшін дұға етіп отырмыз", – деді баланың әпкесі.
Зардап шеккен баланың отбасы электр тірегінің қоршалмағанын, қолжетімді жерде тұрғанын айтады. Туыстары бұл маңда балалар жиі ойнайтынын, кейде сол құрылымға шығып кететінін де жеткізген.
Сонымен қатар жақындары ресми тексеру аяқталғанға дейін ешкімді айыптамайтынын да атап өткен.
"Біз осы жағдайға назар аударуларыңызды сұраймыз. Мұндай қайғылы оқиға басқа балаларға қайталанбасын деген тілектеміз", – деп жазды зардап шеккен баланың әпкесі.
Қарағанды облыстық полиция департаменті оқиға тіркелгенін хабарлады.
"Материалдар Қарағанды облысы бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментіне қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтау үшін жолданды", – делінген ведомство хабарламасында.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы да баланың жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатқанын растады.
Ал Долинка кенті әкімінің орынбасары Жасұлан Хамитов қауіпті тірек алдағы уақытта қоршалатынын айтты.
"Бала дәрігерлердің бақылауында, облыстық балалар ауруханасында қажетті ем алып жатыр. Медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында қызмет көрсетуші ұйым тарапынан қосымша қоршау орнатылады, ол нысанға кіруді шектейді", – деді әкім орынбасары.
Оқиғаның өзге мән-жайы мен нысанда қауіпсіздік талаптарының сақталуы тиісті уәкілетті органдардың тексеруі барысында анықталмақ.
Еске салсақ, Теміртауда допты алу үшін қоршаудан секірген 3 бала тоққа түсіп қалғанын жазғанбыз.
Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Куәгерлер "сотталушы ішімдік ішті ме?" деген сұраққа жауап бере алмады
Оқыңыз