Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел рақымшылық алып, түрмеден шыққан соң қайта алаяқтық жасаған

әйел
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қарағанды облысында алаяқтық үшін сотталған әйелге рақымшылық заңсыз қолданылғаны анықталды. Жоғарғы сот оның жазасын қысқарту туралы шешімнің күшін жойып, бастапқы үкімді қалпына келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бас прокуратура мәліметінше, Қарағанды облысының тұрғыны бұған дейін де алаяқтық жасағаны үшін сотталған. Алайда жазасын өтеу кезеңінде де  дәл осындай қылмыстар жасаған. 

Әйел Instagram әлеуметтік желісінде әйелдер киімін сататыны туралы хабарландыру жариялап, сатып алушылардан алдын ала төлем алған. Бірақ уәде етілген тауарды жеткізбей, түскен ақшаны жеке қажетіне жұмсаған.

Теміртау қалалық сотының үкімімен ол алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Осылайша 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Кейін апелляциялық сот “Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” заңды қолданып, сотталған әйелдің жазасын 2 жыл 4 айға дейін қысқартқан. Алайда сот актілерінің заңдылығын тексеру барысында рақымшылықтың негізсіз қолданылғаны анықталды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, алдыңғы үкім бойынша жазасын өтеп жүрген кезде қасақана жаңа қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасауға тыйым салынған. Осыған байланысты Бас прокуратура наразылық енгізіп, нәтижесінде рақымшылықты қолдану туралы шешімнің күші жойылды. Сотталған әйелге бастапқы үкім бойынша белгіленген 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қайта тағайындалды.

Прокуратура өкілдері жазасын өтеу кезінде қайта қылмыс жасағандарға рақымшылық жасалмайтынын еске салды.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада инвестицияны үйреткен сарапшы 110 миллион теңгелік алаяқтық үшін сотталғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 08 Маусым, 2026 15:55