Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүрегім Қазақстан деп соғады": Елімізді ұнатып қалған үндістандық боксшы енді Қазақстан атынан сынға түспек

Пранав Нандан
Фото: Жеке архив

23 жастағы Пранав Нандан Қазақстанға алғаш рет оқу-жаттығу жиынына келген. Ал бүгінде ол бұл елді жақсы көргені соншалық, енді рингке Қазақстан атынан шыққысы келеді. Stan.kz тілшісі “Жүрегім Қазақстан деп соғады” деген Пранав Нанданмен сұхбаттасып, оның елге қалай келгенін, қазақ халқының қонақжайлығынан алған әсерін және кәсіби бокстағы арманы туралы сұрап білді.

Пранав Нандан Үндістанның Бихар штатында дүниеге келген. Қазір Алматы қаласында тұрып жатыр.

Үстіндандық жігіт Алматыға алғаш рет 2023 жылы бокс бойынша оқу-жаттығу жиынына келген. 2023-2024 жылдары елімізде бір жыл тұрған. Ал 2026 жылы Қазақстанға қайта оралды. Оның айтуынша, бұл ел оған тек спорттық мүмкіндік берген мекен емес, жүрегіне жақын елге айналған.

“Жылқы етін жейтіндеріне таңғалдым”

Қазақстанда оны алғаш таңғалдырған нәрсенің бірі – адамдардың жылқы етін жейтіні болған. Үндістаннан келген спортшы бұл өзі үшін күтпеген жағдай болғанын жасырмады. Алайда уақыт өте келе ол қазақ халқының мәдениеті мен дәстүріне жақындай түскен.

Пранавтың айтуынша, Қазақстан оған ең алдымен жақсы адамдарымен, әсем табиғатымен және қонақжайлығымен ұнаған. Әсіресе Алматының таулары үндістандық боксшыға ерекше әсер қалдырған. Ол әр жексенбі сайын тауға серуендеуге шығады. Спортшы үшін тау – тынығатын, күш жинайтын әрі шабыт алатын орын.

“Адамдардың маған деген қарым-қатынасы ерекше. Мұнда өзімді үйдегідей сезінемін. Маған әсіресе Алматының таулары қатты ұнайды. Себебі әр жексенбі сайын тауға шығамын. Сондай-ақ адамдардың шетелдіктерге деген жылы қарым-қатынасы да ұнайды”, – дейді ол.

“Пойыздағы кездейсоқ жандар ерекше қамқорлық танытты”

Қазақстандықтардың қонақжайлығын Пранав бірнеше рет сезінген. Соның бірі – Алматыдан Астанаға пойызбен барған сапары. Бірнеше ай бұрын ол Астанаға бокс бойынша оқу-жаттығу жиынына бара жатқанда, пойызда бір қазақ отбасымен бірге жол жүрген. 

“Алматыдан Астанаға дейінгі сапар бойы олар маған көп тамақ беріп, өз отбасының бір мүшесіндей қамқорлық танытты”, – дейді ол.

Кейін Астанада ол қазақ отбасының үйінде тұрған. Үй иелері оған қаланы көрсетіп, қазақ мәдениеті мен дәстүрімен таныстырған. Сол отбасының ұлының туған күніне де Пранав арнайы шақырылған. Бұл – оның Қазақстанда туған күннің қалай өтетінін алғаш рет көруі еді.

Дастарханда түрлі тағам көп болды, әсіресе жылқы етінен жасалған тағамдар ерекше есімде қалды. Кейін әжесі бата беріп, жақсы тілектерін айтты. Қазақ мәдениетін жақыннан көру мен үшін өте әсерлі әрі ерекше тәжірибе болды”, – дейді боксшы.

Пранав Нандан
Фото: Жеке архив

“Қаржылай қолдау қажет”

Пранав бокспен 16 жасында айналыса бастаған. Ол кезде Үндістанда мектепте оқып жүрген. Кейін спортқа шындап бет бұрып, жастар және жасөспірімдер арасында өңірлік чемпион атанған. Үндістанда ұлттық деңгейге дейін жұдырықтасқан.

Қазір ол – кәсіби боксшы. Кәсіби рингтегі көрсеткіші – 3 жеңіс, 0 жеңіліс. Қазақстанда әзірге ешқандай турнирге қатыспаған. Дегенмен келер  уақытта кәсіби мансабын дамытып, халықаралық деңгейде жекпе-жек өткізуді көздейді.

Жақында Пранавтың бокс мансабында жаңа өзгеріс болды. Ол АҚШ-тан шыққан менеджер Джон Бенинатимен келісімшартқа қол қойған. Спортшының  сөзінше, Джон Бенинати 2024 жылы бокс саласындағы Даңқ залына енгізілген.

“Қазір менеджеріммен алдағы жекпе-жектер туралы, нақты қай елде немесе қай жерде жұдырықтасуға болатынын талқылап жатырмыз. Енді жекпе-жектерім кезінде Қазақстанның туын алып шығамын”, – дейді ол.

Пранавтың айтуынша, қазір оған кәсіби мансабын жалғастыру үшін қаржылай қолдау қажет. Себебі кәсіби бокста алға жылжу үшін әртүрлі елдерге барып, жекпе-жек өткізу, оқу-жаттығу жиындарына қатысу керек. Ал мұның бәрі қомақты қаржыны талап етеді.

“Қазір маған қаржылай қолдау қажет. Бұл менің кәсіби бокс мансабым үшін өте маңызды”, – дейді ол.

Пранав Нандан
Фото: Жеке архив

Пранав демеушілік қолдау көрсететін брендтермен жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Өз тарапынан ол әлеуметтік желілері арқылы жарнама жасап, демеуші компаниялардың логотипін бокс формасына орналастыруға әзір.

Үндістанда дүниеге келген Пранав Нандан үшін Қазақстан бүгінде уақытша мекен ғана емес. Оның ендігі мақсаты – кәсіби рингте жеңісті жолын жалғастырып, халықаралық аренада өзін дәлелдеу.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 19 Мамыр, 2026 09:30