Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қазақ тілінің арқасында кәріс тілін үйрендім”: Желіде қазақша сөйлеген кәріс азаматы жұрттың ықыласына бөленді

Фото: Владислав Пактың жеке архиві 

Желіде қазақша сайрап тұрған кәріс жігіті жұртты тәнті етті. Оңтүстік Кореяның Ансан қаласында тұратын Владислав Пак Қазақстанда туған. 20 жасында өз ата-бабасының мәдениетін көруге кеткен Владислав кәріс тілін меңгеруде қиналғанын жасырмады. Ал қолын бір сілтемек болған кезде қазақ тілі кәріс тілін жеңіл үйренуіне көмектескен екен. Stan.kz тілшісі кейіпкермен тілдесіп көрді.

33 жастағы Владислав Пак Қызылорда қаласында туған. Орысша ортада тәрбиеленген Владислав қазақ тілін арнайы сабақ алып үйренбеген.

“Шынымды айтсам, 1-сыныпқа барғанда орыс сыныбында оқысам да, сырттағы қазақ балаларымен араласқым келді. Солардың жанында жүріп үйреніп кеткендеймін. Алғашында “қ”, “ғ” әріптерін қазақ досымнан күні бойы сұрап қайталап жаттыққаным есімде. Ал сөздерді оған орысша айтып, қазақша қалай болатынын біліп алатынмын. 

Жалпы отбасым үйде тек орысша сөйлеседі. Қазақша тек кішкене түсінеді. Бірақ аса біле бермейтін. Бұрын комуналдық қызмет өкілдері келгенде олардың айтқандарын түсінбесе мені шақырып аудартатын. Мектепте сабақтардың бәрі орысша болды. Дегенмен орыс тілін сол жерде ғана қолданып, ал былайша сыртта жүргенде қазақша сөйлесетінмін. Себебі қаламызда 90 пайыз адам қазақ тілінде сөйлейтін. Бізде қазақ тілін білмесең дүкенде басқа жерлерде қиналып қаласың. Ақпаратты дұрыс ала алмауың мүмкін. Сол үшін қазақша үйренсең, өзіңе жақсы. Қалада өзге ұлт өкілдерінің бәрі кішкене болсын қазақша түсінетін”, – деді ол. 

қазақша сөйлейтін кәрісФото: Владислав Пактың жеке архиві 

“Қазақ тілінің арқасында кәріс тілін үйрендім”

Владислав 20 жасында Оңтүстік Кореяға көшкен.

“Қазақстанда 1-курс оқып жүргенімде Оңтүстік Корея университетіне грант ұтып алдым. Оның үстіне ұлтым кәріс болғандықтан Оңтүстік Кореяның жерін бұрыннан көргім келетін. Олардың қалай тұратынын білгім келді. Сол себепті Кореяға барғым келіп кәріс факультетіне түскен едім. Қазір міне мұнда келіп, тұрып жатқаныма 13 жылдан асты. Оқыдым, жұмыс істеп, енді кәсіппен айналысып жүрмін”, – деп қосты ол.

Азамат Қазақстанды сағынғанын да жасырмады. Айтуынша, көбіне қазақша әндер тыңдап сағынышын басады екен. 

“Маған қазақ мәдениетінде қонақжайлығы ұнайды. Себебі бала кезімізде үй жақта той, қонақ болған кезде қазақтар бізге бауырсақ, шелпек беретін. Үлкенді сыйлау деген сияқты ұстанымдар кәріс мәдениетімен өте ұқсас. Өйткені Кореяда да үлкенді қатты сыйлайды. 

Ал тілге келсек, қазақ тілінің арқасында кәріс тілін үйрендім. Өйткені орысша ойлап, кәрісше аударса дұрыс мағына шықпайды. Қазақ тілі мен кәріс тілінің граматикасы бірдей. Әшейін математикалық формула сияқты. Қазақ сөздерін алып орнына кәрісшесін қойсаң дәл солай шығады. Тіпті алғаш кәрісше үйреніп жүргенде қиналып Қазақстанға қайтамын ба деп ойлаған едім. Алайда сол кезде қазақ тілі маған көп көмектесті”, – деді ол. 

“Қазақтар түріме қарап менімен орысша сөйлеседі”

Владислав халықаралық сауда саласын меңгерген. Ол қазір ТМД елдеріне косметика тасымалдап жеке кәсіппен айналысып жүр. 

“Қазақ тілі мен үшін достарымды еске түсіреді. Сол үшін қазақша сөйлесем көңілім көтеріледі. Кейде мұнда Қазақстаннан келген адамдармен орысша сөйлесіп жатсам да қазақша сөздер шығып кете береді. Себебі елімізде екі тілді қатар сөйлеп үйренгенбіз ғой. 

Кореяда кейбір кезде қазақтармен кездесіп қалған кезде қазақша сөйлесуге тырысамын. Дегенмен түріме қарап бәрі орысша сөйлесіп жатады. Ал қазақша сөйлесем қуанып кетеді. Бәрі бауырын көргендей сезімде болады. Былай басқа уақытта қазақша көбірек сөйлесетін мүмкіндік жоқ”, – деп қосты ол. 

Кәріс жігіт қазір Оңтүстік Кореяда жүргендіктен қазақша сөйлесетін ортаның жоқтығынан тілді ұмытып бара жатқанын жасырмады. 

“Бірақ соны байқап, қайта қолға алдым. Қазір желіде қазақша видеолар түсіріп салып жүрмін. Болашақта Кореядан Қазақстанға қайтып бару туралы жоспарым бар. Сол үшін қазақ тілін білуім керек екенін түсіндім. Осы тұста қазақша әндер, фильмдер маған ұнайды. Қазақша жаңа сөздер естісем қиналмаймын, тез үйреніп аламын. Шет тілін білсең сол мүмкіндіктің бәрін пайдаға асыра аласың. Жастарға айтар кеңесім қате болса да қорықпаңыздар, көп сөйлеңіздер”, – деп қорытты ол.

STAN.KZ
Бейсенбі, 16 Сәуір, 2026 09:00