Қазақстандық 61 жастағы әже ағылшынша үйреніп, 20-дан астам елді аралаған

Ақтаулық 61 жастағы Азия Мұханова зейнетке шыққаннан кейін жаңа өмір бастап, әлемді аралауға кіріскен. Үш баланың анасы, сегіз немеренің әжесі бүгінде спортпен шұғылданып, ағылшын тілін үйреніп, 20-дан астам елге саяхат жасап үлгерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Азия Мұханова 1965 жылы Таушық ауылында дүниеге келген. Мамандығы провизор (жоғары фармацевтикалық білімі бар маман). 1983 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, ұзақ жылдар бойы дәріхана саласында қызмет атқарған. 2021 жылға дейін кәсіби жұмысын жалғастырып, кейін өмірінің жаңа кезеңін бастап, өзін саяхат пен жеке дамуға арнауға шешім қабылдаған.
Азия Мұханова үш баланың анасы, сегіз немеренің әжесі. Соған қарамастан, ол белсенді өмір салтын жалғастырып келеді. Спортпен 41 жасынан бастап айналысады. Қазір фитнеске тұрақты түрде барып, денсаулығына ерекше көңіл бөледі. Сонымен қатар жүгіру мен массажды өмірінің бір бөлігіне айналдырған. Бұдан бөлек, экстремалды спорт түрлеріне де қызығады. Жастайынан мотоцикл айдауды жақсы көреді және саяхат кезінде де мототехниканы жиі тізгіндейді. Сондай-ақ велосипед пен гидроцикл жүргізеді. Оның айтуынша, мотоцикл еркіндік пен адреналин сыйлайды.
Өңірлік Қоғамдық коммуникациялар орталығының мәліметінше, Азия Мұханова 2007 жылы жүргізуші куәлігін алған. 2010 жылдан бері көлікті тұрақты түрде өзі жүргізіп келеді. Оның белсенді өмір салтының тағы бір бөлігі қысқы шомылу. Шынығудың арқасында жылдың кез келген мезгілінде суық суға түсіп, сергектік пен қуатын сақтап келеді.
Азия Мұханованың саяхатқа деген қызығушылығы 2021 жылы басталған. Алғашында АҚШ визасын ала алмағанымен, бұл оны тоқтатпаған, керісінше әлемді көруге деген ынтасын арттырған. Алғашқы сапарын Түркиядан бастап, кейін Дубайға, Еуропа елдеріне, Таиландқа, Қытайға, Бали аралына (Индонезия), Малайзияға, Вьетнамға және басқа да көптеген мемлекетке барған.
2023 жылы Азия Мұханова Шенген визасын алып, Бельгия, Нидерланд, Франция, Швейцария, Италия және Ватиканда болған. Кейіннен өзінің көптен бергі арманы Америкаға сапар шеккен. Саяхат барысында Азия Мұханова көптеген қызықты оқиғаларды бастан кешірген. Оның айтуынша, бірде Сан-Франциско мен Нью-Йоркте адасып қалған. Алайда батылдығы мен өмірлік тәжірибесінің арқасында барлық қиындықты еңсере білген.
Сондай-ақ Черногорияға барған сапарында парапланмен көкке көтерілген. Саяхатшының айтуынша, сол сәтте ешқандай қорқыныш сезінбеген. Саяхаттан бөлек, Азия Мұханова ағылшын тілін үйреніп жүр. Қазір ол аптасына үш рет Ақтаудағы оқу орталықтарының бірінде ағылшын тілі курсына қатысады.
Оның пікірінше, шет тілін білу әлемді еркін аралау үшін өте маңызды.
"Менің басты кеңесім – жалқауланбау және спортты тастамау. Ең маңыздысы, тұрақтылық. Егер адам өзіне сеніп, үнемі дамып отырса, кез келген жаста жаңа өмір бастауға болады", – дейді Азия Мұханова.
Бүгінде ол Instagram парақшасын белсенді жүргізіп, саяхаттарынан фото және видеолар жариялап, өз қатарластарын белсенді әрі мазмұнды өмір сүруге шабыттандырып келеді.
Еске салайық, бұған дейін желі қолданушылары қазақтың қонақжайлығына қатысты ерекше әрі қызық оқиғаларды жарыса бөліскенін жазған едік. Олардың айтуынша, кей ата-аналар пойызда немесе көшеде танысқан жандарын үйге ертіп келіп, төрінен орын беріп, дастархан жайған. Ал тағы бір қолданушының ата-анасы шетелде бір қызбен танысып, оны Қазақстанға алып келген. Ол қыз олардың үйінде бес жыл тұрып, ақыр соңы әкесі оған жеке пәтер сатып алып берген.
"Жүрегім Қазақстан деп соғады": Елімізді ұнатып қалған үндістандық боксшы енді Қазақстан атынан сынға түспек
Оқыңыз