Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлты басқа болғанымен, жаны қазақ": Толқын Забирова алғаш рет күйеуі туралы ашық айтты

Толқын Забирова жолдасымен
Фото: instagram.com/tolkynzabirova

Танымал әнші Толқын Забирова “Таңшолпан” бағдарламасына берген сұхбатында жолдасының қазақ өнеріне сіңірген еңбегі туралы айтып, оның көпшілік алдына шығуды қаламайтын қарапайым болмысын сөз етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің айтуынша, жұбайы ұзақ жылдар бойы қазақ сахнасының дамуына үлес қосқанымен, өзін жарнамалап, көпке көрсетуді құп көрмейді.

“Менің жолдасым қазақ өнеріне еңбек етіп жүргенімен, өзін көрсеткісі, насихаттағысы келмейді. Болмысы, табиғаты сондай. Қолынан іс келеді, бірақ өзін жариялағысы келмейді. Ұлты қазақ болмағанымен, жаны да, тәні де қазақ. Қазақ өнеріне еңбек сіңіріп, жүрегі қазақ деп соққан азаматтың бірегейі”, – дейді Толқын Забирова.

Әнші жолдасының Жамбыл өңірінде туып-өскенін, 1,5 жасында ата-анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленгенін айтты. Оның сөзінше, жұбайы өмірде ешкімге арқа сүйемей, өзін-өзі қамшылап, еңбегімен биікке жеткен.

Толқын Забирова оның Ермек Серкебаев, Роза Бағланова сынды қазақ өнерінің ірі тұлғаларымен бірге жұмыс істегенін де атап өтті. Оның айтуынша, жолдасы көп өнерпаздың үлкен сахнаға шығуына, гастрольдік және концерттік бағдарламалардың ұйымдастырылуына атсалысқан.

“Қазақконцерттің гастрольдік концерттік бағдарламаларымен 35 жыл айналысқан. Шоу-бизнестің тасын қалаған, кірпішін салып кеткен – менің жолдасым. Көптеген өнер адамдарын сахнаға шығарған”, – дейді әнші.

Сондай-ақ Толқын Забирова кейде жұбайына қатысты айтылатын “қазақ емес” деген пікірлерге де жауап берді. Әнші үшін адамның ұлты ғана емес, оның елге, жерге, өнерге деген құрметі маңызды.

“Кейбір кезде “қазақ емес” дегендерге менің балаларым қазақ жерінде туып-өсті ме, төлқұжаттарында да қазақ деп жазылады деймін”, – деді ол.

Өнер иесі балаларының шетелде дүниеге келуіне мүмкіндік болғанын да жасырмады. Оның сөзінше, ол жүктілік кезінде Америка, Германия, Франция секілді елдерге барып босану туралы ұсыныстар алған. Алайда әнші бұл ұсыныстардан бас тартқан.

“Ондай мүмкіндік болды. Бірақ “Менің елім, жерім, кіндік қаным тамған жерім, ата-бабаларымның жері – қазақ жері. Балаларым да осы жерде туады. Кейін қай жерде тұрғысы келетінін өздері шешеді” дедім”, – дейді Толқын Забирова.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 19 Мамыр, 2026 12:15