Шығыс Қазақстанда жеңілдетілген туристік жолдамаларды жарнамалаған алаяқ 20 миллион теңге жымқырған

Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік желі арқылы арзан туристік жолдамалар ұсынып, азаматтарды алдаған әйел 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 13 адамнан 20 миллион теңгеден астам қаражат алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны "Travel the world" атауымен туристік фирма құрып, әлеуметтік желілерде Біріккен Араб Әмірліктері, Египет және Түркияға ерте брондау бағдарламасы бойынша тиімді бағамен жолдамалар сатылатыны туралы жарнамалар жариялаған.
Тергеу мәліметінше, күдікті туристік қызмет көрсетемін деген сылтаумен 13 жәбірленушінің жалпы сомасы 20 миллион теңге көлеміндегі ақшасын алаяқтық жолмен иемденген.
Сот оны аса ірі көлемде жасалған алаяқтық қылмысы бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Кейін апелляциялық саты соты "Рақымшылық жасау туралы" заңды қолданып, жаза мерзімін 4 жылға дейін қысқартқан.
Алайда сот актісінің заңдылығын тексеру барысында рақымшылық туралы заңның дұрыс қолданылмағаны анықталған. Прокурордың кассациялық наразылығынан кейін апелляциялық сот қаулысы өзгертіліп, сотталушының жаза мерзімі қайтадан 5 жылға ұзартылды.
Құзырлы органдар азаматтарға әлеуметтік желілер арқылы туристік жолдамалар сатып алу кезінде сақ болуға кеңес береді.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте өзін экономикалық тергеп-тексеру қызметінің қызметкері ретінде таныстырған алаяқ ұсталған еді. Ол медициналық мекемені тексерілетін субъектілер тізімінен алып тастауға көмектесемін деп уәде беріп, жергілікті компания басшысынан 25 миллион теңге алған. Күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу басталған.
"Жүрегім Қазақстан деп соғады": Елімізді ұнатып қалған үндістандық боксшы енді Қазақстан атынан сынға түспек
Оқыңыз